Қала әкімі Қошқар ата өзенінің Жангелдин көшесінен Интернационалды көшесіне дейінгі аралығын абаттандыру нәтижесімен танысты. Мердігер ұйым өзен арнасын қалпына келтіріп, жағалау сызықтарын нығайтты. Сондай-ақ ұзындығы 3,5 шақырымнан асатын өзен түбін тазалады. 14,2 мың шаршы метр жаяу жүргіншілер жолы салынып, орындықтар мен жарықшамдар орнатылды.


Сонымен қатар 7 жаяу жүргіншілер көпірі бой көтерді. Жобаны іске асыру жақын аумақтарда су басу қаупін төмендетіп, қаланың туристік тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Асар-2 шағынауданында әкімшілік тәртіппен қамауға алынған азаматтарға арналған арнайы қабылдау орны орналастырылатын аумақты қарап шықты. Жауапты тұлғаларға қажетті құжаттарды рәсімдеуді жеделдетіп, жобаны іске асырудың келесі кезеңіне көшуді тапсырды. Сонымен қатар буын ауруларын емдеуге маманданған жаңа медициналық орталықтың ғимаратына барды. Мұндай нысандардың ашылуы диагнозды дер кезінде анықтауға және мамандандырылған медициналық көмектің сапасын арттыруға ықпал етеді. Әрі қарай жайлы ортаны көркейтуге бағытталған «Гүлдер аллеясы» жобасының жүзеге асу барысымен танысты. Жұмыстың сапасы мен құрылыс мерзімінің сақталуы басты назарда. Аралау соңында 225 стационарлық орынға есептелген №11 «Балауса» балаларға арналған әлеуметтік қызмет көрсету орталығына барды. Мекеме психоневрологиялық және тірек-қимыл аппараты бұзылған 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға әлеуметтік қызмет көрсетеді.