Сәуле шағын ауданында жедел қызметтер кешені ашылды. Енді полицейлер мен өрт сөндірушілер, жедел жәрдем қызметкерлері бір ғимаратқа шоғырланып, төтенше жағдай кезінде бірге әрекеттенеді. Жауаптылар, бұл жұмыс өнімділігін арттырып, қызмет сапасын көтереді деп отыр.
Нысан лентасын төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев пен қала әкімінің орынбасары Берік Беркімбаев қиды. Жедел әрекеттенетін мамандарға сәттілік тілеп, сенім білдірді.
Орталық аумағында №11 өрт сөндіру бөлімі, полиция бекеті және жедел жәрдем бригадасы орналасқан. Нысанда қызметтік бөлмелер, оқу сыныбы, асхана, оқу-жаттығу мұнарасы және спорт алаңы бар. Арнайы техникаға арналған гараж және көлік қоятын арнайы автотұрақ қарастырылған. Бұған дейін осындай әмбебап кешендер Елтай және Таскен шағынаудандарында ашылған еді. Келер жылы тағы 7 жедел кешен пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.
АЗИЗ САИПОВ, ҚАЛАЛЫҚ ТЖД ӨРТ СӨНДІРУ ЖӘНЕ АВАРИЯЛЫҚ ҚҰТҚАРУ ЖҰМЫСТАРЫН ҰЙЫМДАСТЫРУ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
– «Мамыр айынан бастап 7 ай ішінде осы нысан бой көтерді. Ғимаратта барлық жағдай жасалған» «Бұл нысанда 38 өрт сөндіруші, 5 полицей және бір жедел жәрдем бригадасы жұмыс істейді.»
Жаңа депо қызметкерлердің оқиға орынына жедел жету уақытын қысқартады. 75 мыңға жуық тұрғыны бар сегіз елді мекен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл жұмыс сапасын көтереді. Жаңа жүйе қызметкерлерге де ыңғайлы дейді мамандар.
БАЙБЕК ОМАР, ФЕЛЬДШЕР
– «Бұрындары бұл үш қызмет үш түрлі мекен жайдан шығатын. Енді біріктіріп отыр. Бұл бізге де халыққа да тиімді шешім деп ойлаймын.»
Кешеннің ашылуына жергілікті тұрғындар да қатысты. Олар жедел әрекеттенетін қызметкерлерді бейбіт күннің батырларына балап, құрмет көрсетті. Нысанның ашылуымен құттықтап, ақ жаулықты аналар шашу шашты.
ҒАЛИЯ АЙЫМБЕТОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
– «Халықтың қауіпсіздігі үшін ашылған кешен өз ісін мінсіз атқарып, елге қызмет атқара берсін. Біз өте қуаныштымыз. Жұмысына сәттілік тілейміз.»
Вице-министр мен қала әкімінің орынбасары нысан аумағын түгел аралап, қызметкерлерге жасалған жайлы жағдаймен танысты.