Түркістан облысы Отырар ауданына қарасты Қарақоңыр ауылдық округінде орналасқан «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің заманауи мақта өңдеу зауыты пайдалануға берілді. Зауыттың іске қосылуымен 279 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.


Жаңа мақта агроөнеркәсіптік кешенінде жасанды интеллект жүйесі енгізілген. Ақылды басқару орталығында өндірістік процестер жасанды интеллект арқылы басқарылып, бақылау мен реттеу жұмыстары жүзеге асады. Егіс алқаптары мен зауыттардың қызметі толық бақылауға алынған. Су ресурстарының жұмсалуы, мақтаның өсу барысы және жердің ылғалдылығы арнайы жүйе арқылы қадағаланады.


 СЮЙ ЦЗЕ, «ТҮРКІСТАН МАҚТА АГРОӨНЕРКӘСІПТІК КЕШЕНІ» ЖШС БАСШЫСЫ

Біздің негізгі мақсатымыз – Отырар ауданында және жалпы облыс көлемінде толыққанды мақта кластерін қалыптастыру. Шикізатты терең өңдеу арқылы қосымша құны жоғары өнім шығарып, өңірдің өндірістік әлеуетін арттыруды көздейміз. Осындай жобалар Түркістан облысының экономикалық дамуына серпін беретініне сенімдімін.


Кәсіпорында жұмысшыларға қолайлы жағдай жасалған. 700-ге жуық адамға арналған жатақхана мен асхана бар. Компания өз күшімен 280 метр тереңдіктен ауыз су тартып, тәулігіне 4 мың адамға жететін көлемде су өндіреді. Зауытта 20 мың тонна өңделген мақта сақтауға арналған заманауи қойма жұмыс істейді. Болашақта мұндай қоймалардың санын арттыру жоспарланған. Мұнда өңделген мақта Түркістан қаласындағы зауытта жіп пен матаға айналады. Сондай-ақ өнімнің бір бөлігі Еуропа мен Қытай елдеріндегі фабрикаларға экспортталмақ. Ал мақта шитінен мал шаруашылығына қажетті жем өндіріледі.


НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

Бұл кәсіпорын заманауи технологияларды қолдану арқылы мақта шаруашылығын жаңа деңгейге көтеріп отыр. Серіктестік қытайлық инвесторлардың қатысуымен 32 мың гектар алқапта тамшылатып суару әдісін енгізіп, жоғары өнімділікке қол жеткізді. Су үнемдейтін бұл технологиялар климаттық өзгерістер жағдайында ерекше маңызға ие.


«Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС ауыл шаруашылығы саласына озық технологияларды енгізу арқылы өңір экономикасының дамуына елеулі үлес қосып келеді. Серіктестік 2025 жылы Отырар ауданы мен Арыс қаласы аумағында 30 мың гектардан астам жерге тамшылатып суару әдісімен мақта дақылын егіп, әр гектардан орта есеппен 50–60 центнер өнім алды. Жоба аясындағы негізгі бағыттардың бірі – екі бірдей мақта өңдеу зауытының құрылысын жүргізіп, олардың өндірістік қуатын қалыптастыру.