Маңғыстаулық 20 студент Шымкентте тегін білім алады. Оларды облыс әкімдігі арнайы жіберген. Басты мақсат – мұнайлы өңірдегі кадр тапшылығын жойып, білікті маман даярлау. Студенттер оқу ісіне үш ай бұрын кіріскен. Олардың басым бөлігі – болашақ педагогтар. Бүгінде жас өрен алғашқы семестрді аяқтап, демалысқа шыққан. Емтиханда көрсеткен нәтижелері жоғары. Студенттердің хәл-жағдайы қалай? Қанат Жолдасбек тілдесіп қайтты.
Жас шәкірттердің жағдайы мен оқу процесін бақылау үшін Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Асхат Оралов бастаған делегация Ө. Жәнібеков университетіне арнайы келді. Студенттер мен ата-аналармен тілдесіп, хәл-жағдай сұрасты. Жайлы жағдай мен сапалы білімге көз жеткізген олар жобаны одан әрі жалғастырып, студент ағынын еселеуге ниетті екенін айтты.
АСХАТ ОРАЛОВ, МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ
«Шымкент қаласы әкімшілігі мен Министрліктің қолдауымен осы пилоттық жобаны аяқтап, оны кеңінен насихаттаймыз. Екінші кезеңін де іске асырамыз деген жоспарымыз бар. Келесі жылы мұнда 4-5 есе көп студенттер Маңғыстаудан келсе үлкен жетістік болары анық. Басты мақсат – жастарымыздың көзі ашық, көкірегі ояу болу.»
Дияс Әмин – бизнес және басқару мамандығында оқиды. Саласына машығып, оны жан-жақты зерттеп жүрген азамат Шымкентте тез сіңісіп кеткен. Жас шәкірт: «Оңтүстік жайындағы дақпыр сөзге иланбаңыз. Мұнда жұрт айтатын көше заңы, қулық-сұмдық деген түсінік жоқ. Ешкімді бөліп-жармай, қонақжайлық көрсетеді» дейді. Қазір ол мұнда тегін тіл үйреніп, қосымша үйірмелерге қатысып жүр. Оқимын деген студентке барлық жағдай жасалғанын айтады.
ДИЯС ӘМИН, СТУДЕНТ
«Бұған дейін Шымкентке келген жоқпын. Шымкент мүлде ерекше қала екен. Адамдары да, ауа-райы да жылы.»
Маңғыстаулық студенттердің дені мектепті үздік аяқтап, алтын белгі иегері атанған. Бірақ ұлттық біріңғай тестілеуде қажетті ұпай жинай алмай қалған. Мұнайлы өңір әкімдігі үздік талапкерлерге жаңа мүмкіндік беріп, Шымкентке жолдама сыйлады. Қазір олар жетекші оқу орындарында оқиды: 16 студент – Ө. Жәнібеков атындағы ОҚПУ-де, 3 өрен – М. Әуезов университетінде. Барлығы жатаханамен толық қамтылған.
ӘЛІБЕК НҰРТАЕВ, Ө. ЖӘНІБЕКОВ АТЫНДАҒЫ ОҚПУ РЕКТОРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ
«Жоғары сапалы білім беретін оқытушы-профессорлар құрамымыз бар. Осы түлектердің ішінен Маңғыстау өңіріне немесе Қазақстанның түпкір-түпкірінде қызмет ететін мықты мамандар шығарына сенеміз.»
Кездесуге студенттермен бірге ата-аналар да арнайы келді. Олар балаларына көрсетіліп отырған жағдаймен танысып, оқу процесін бақылады. Қонақжайлық пен құрметке ризашылықтарын білдірді.
Дөңгелек үстелден соң Маңғыстаулық делегация студенттер үйіне табан тіреді. Жатахана тынысымен танысып, шәкірттердің өмір сүру жағдайын қадағалады. Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек қонақтарға нысан аумағын таныстырып, толық аралатты. Университет қызметкерлері асхана, киім жуу және дәрігерлік қабылдау бөлмелерін көрсетті. Сонымен қатар студенттер сабақтан тыс уақытта шығармашылықпен айналысып, түрлі үйірмелерге қатыса алады.