Әлем чемпиондарына құрмет көрсетілді. Жаңа жыл мерекесі қарсаңында ел намысын халықаралық аренада абыроймен қорғаған спортшылар ұлықталды. Бокстан және каратэден әлем чемпионы атанған Сәкен Бибосынов пен Әсел Қанайға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров су жаңа автокөліктердің кілтін табыстады.
Сәкен Бибосынов – Токио Олимпиадасының қола жүлдегері. Ол екі рет әлем чемпионатында топ жарып, биыл Дубай қаласында өткен әлем чемпионатында 54 келі салмақ дәрежесінде қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп, екі дүркін әлем чемпионы атанды.
СӘКЕН БИБОСЫНОВ, БОКСТАН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ
Бұл – тек қана менің еңбегім емес, бұл – бүкіл өңірдің еңбегі. Алдағы байрақты бәсекелерде одан да жақсы нәтиже көрсетіп, елдің де, өңірдің де намысын одан да жоғары деңгейде қорғағым келеді. 2026 жылы Азия чемпионаты бар, сондай-ақ Азия ойындары өтеді. Ең бастысы – тоқтап қалмай, қандай жарыс болса да биік тұғырдан көріну.
Ал Әсел Қанай 2025 жылы өз салмақ дәрежесінде әлемнің ең үздік спортшысына берілетін «Гранд Виннер» атағын иеленді. Сондай-ақ ол – Азия ойындарының қола жүлдегері әрі Азия чемпионатының жеңімпазы.
ӘСЕЛ ҚАНАЙ, КАРАТЭДЕН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ ҚОЛА ЖҮЛДЕГЕРІ
Күшті сезім, күшті эмоция. Қолдау білдірген барша жандарға алғысым шексіз. Облыс әкімдігіне, жаттықтырушыларыма үлкен рақмет. Өте қуаныштымын. 2026 жылы Азия ойындары Жапонияда өтеді. Сол жарыста топ жарып, бірінші орын алып, Қазақстанның көк туын желбіретіп, Әнұранымызды шырқатып келуді мақсат етіп отырмын.
Іс-шара барысында облыс әкімі спортшыларды құттықтап, 2025 жылы бокс пен каратэ спорт түрлерінен өткен әлем чемпионаттарындағы жеңістердің ел үшін маңызын атап өтті. Сондай-ақ чемпиондарды тәрбиелеп шығарған бапкерлер мен ата-аналарға алғыс білдіріп, алдағы басты мақсат – Олимпиада ойындарында ел қоржынына медаль салу екенін айтты.
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Қадірлі спортшыларды және осындай чемпиондарды тәрбиелеп шығарған бапкерлер мен ата-аналарды шын жүректен құттықтаймыз. Ендігі басты мақсат – Олимпиада ойындарында ел қоржынына медаль салу. Көк байрақты желбіретіп, еліміздің мерейін асырып жүрген спортшыларға тағы да алғыс айтамын. Баршаңызды жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын. Жаңа жыл спортшыларымызға сәттілік пен үлкен жеңістер әкелсін!
Айта кетейік, Түркістан облысында кәсіби және бұқаралық спортты, сондай-ақ спорт инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді.