ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова Шымкент қаласына жұмыс сапары барысында бірқатар әлеуметтік нысандар мен өндірістік кәсіпорындарды аралап, қала тұрғындарымен жүздесті. Кездесулер кезінде мекеме басшылары мен тұрғындар мемлекеттік саясаттың өзекті бағыттары жөнінде пікір алмасып, ұсыныс-тілектерін жеткізді.
Сенаторлар ең алдымен қалалық балалар клиникалық ауруханасының қызметімен танысты. Олар жансақтау бөлімі, жарақат бекеті, госпитальдық фармация және өзге де бөлімдердің жұмысын аралап көріп, медициналық мекемеде іске асырылып жатқан оң өзгерістермен танысты.
АЙГҮЛ ҚАПБАРОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ
Бұл аурухананың ерекшелігі – мұнда дәрі-дәрмек бақылау бөлімшесі бар. Кімге қандай дәрі қажет, дәрі-дәрмек бақылау мәселелері бір жолға қойылған. Бүгінгі аралау барысында мұны көріп, таныстық.
Аурухананың бас дәрігерінің айтуынша, соңғы жылдары бала өлімі екі есеге төмендеген. Бұл көрсеткіш медициналық қызмет сапасын арттыруға бағытталған жүйелі шаралардың нәтижесі екенін атап өтті.
ДИНАРА ЖҰМАДІЛОВА, ҚАЛАЛЫҚ КЛИНИКАЛЫҚ БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ
Аурухананың құрамында жарақат бекеті мен консультативті диагностикалық блок бар. Соңғы бес жыл ішінде дәрігерлер білімін жетілдірді, әрі мекеме қажетті құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етілді.
Жиын барысында сенаторлар ана мен бала денсаулығын қорғау саласындағы жұмыстарды одан әрі күшейту қажеттігін атап өтіп, сапалы медициналық қызмет көрсету – мемлекеттің басты басымдықтарының бірі екенін жеткізді.