Түркістан облысы Отырар ауданында бірегей жоба іске қосылды. «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС-ның тамшылатып суару құрылғылары мен суаруға арналған таспалар өндіретін өндіріс орны өз жұмысын бастады. Кәсіпорын жылына 800 млн метр суару лентасын өндіріп, 50 мың гектар алқапты заманауи суару жүйесімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.


Жаңа кешен ауыл шаруашылығы саласына жаңа технологиялар енгізіп, өңірдің экономикалық дамуына айрықша үлес қосып келе жатқан ірі өндірістік құрылым. Серіктестік Қытай елінің инвесторларын тарта отырып, биыл 32 мың гектар жерге тамшылатып суару әдісімен мақта дақылын екті. Су үнемдеуге бағытталған инновациялық технология нәтижесінде әр гектардан орта есеппен 50-60 центнер мақта өнімі алынды.


 Су үнемдеу жүйелерін қолдану ағын суды екі есеге дейін үнемдеп, ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін үш есеге дейін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл – ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге шығаратын стратегиялық өндіріс.


ҚАЙСАР ЖЕҢІСҰЛЫ, ЖҰМЫСШЫ

Аталған жобаға жасанды интеллект жүйесі енгізілген. Басқару орталығында жасанды интеллект арқылы басқару, бақылау, реттеу жұмыстары жүзеге асады. Бір орталық арқылы 32 мың гектар жер бақыланып, суғару жүйесі бір пультпен басқарылады.


 Компанияның екінші маңызды бағыты – ауыл шаруашылығындағы су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында тамшылатып суару жүйелеріне арналған арнайы қондырғылар өндіретін кәсіпорынның құрылуы. Жобаны іске асыруға 1,2 млрд теңге инвестиция салынған. Кәсіпорында 60 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Биыл облыста 59 мың гектарға су үнемдеу технологиялары енгізіліп, жоспар артығымен орындалды. Су үнемдеу технологиялары енгізілген жалпы жер көлемі 114 мың гектарға жетті. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады.