Бәйдібек ауданында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған 300 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. Шаян ауылындағы №1 жалпы білім беретін мектептің салтанатты ашылу рәсіміне Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, тұрғындарды маңызды әлеуметтік нысанның ашылуымен құттықтады.
«Келешек мектептері» ұлттық жобасы өңірлердегі білім беру инфрақұрылымын жаңғыртуға, оқушылар үшін қауіпсіз әрі заманауи білім беру ортасын қалыптастыруға мүмкіндік беріп отыр. Сондай-ақ жаңа мектептің ашылуы Бәйдібек ауданында білім сапасын арттырып, ауыл балаларына кең мүмкіндіктер ашатыны сөссіз.
Жоба аясында республика бойынша 217 білім беру ұйымы салынуда. Соның ішінде 23 мың оқушыға арналған 29 мектеп Түркістан облысында бой көтерді. Биыл жергілікті бюджет есебінен 17 білім беру нысанының құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар 41 мектепте реновация жұмыстары атқарылып жатыр, оның 25-інде жөндеу жұмыстары толық аяқталған.
Қазақстандағы шамамен 8 мың мектептің мыңнан астамы немесе 14%-ы Түркістан облысында орналасқан. Өңір мектептерінде 550 мыңнан астам оқушы білім алуда. Тек биылдың өзінде 48 мыңнан астам бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттады.
Мектеп құрылысының жобалық құны – 3,5 млрд теңге. Жер телімінің аумағы 2,8 гектарды, ғимараттың жалпы ауданы 5700 шаршы метрді құрайды. Мектеп 300 оқушыға есептелген.
Жаңа мектептің іске қосылуы – өңірдегі білім беру саласын дамыту бағытындағы жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі. Түркістан облысының әкімдігі алдағы уақытта да білім беру инфрақұрылымын жетілдіруге және өсіп келе жатқан ұрпақ үшін қолайлы жағдай жасауға басымдық беріп, жұмысты жалғастырады.