Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Ордабасы ауданында үлкен қуаныш. Шұбарсу ауылында «Парасат» жалпы білім беретін мектебі пайдалануға берілді. Жаңа білім ордасы 600 оқушыға арналған. Салтанатты шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, тұрғындарды құттықтады.
ЕРТАЙ АЛТАЕВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
600 орындық жаңа мектептің ашылуы Шұбарсу ауылы тұрғындары үшін үлкен қуаныш. Жаңа мектепте жабдықталған сыныптарда сапалы білім алуға барлық жағдай жасалған. Білім ордасы жас ұрпақтың арманын қанағаттандырып болашаққа қадам жасауына мүмкіндік береді.
Мектеп құрылысы 2023 жылы басталып, биыл толық аяқталып, пайдалануға берілді. Жалпы аумағы 2,6 гектарды алып жатқан мектептің ауданы – 4259 шаршы метр. Үш қабатты оқу ордасында асхана, оқу залы, кітапхана, спорт залы, медициналық пункт, сондай-ақ заманауи жабдықталған сыныптар қарастырылған.
АЗАТ ОРАЛБЕКОВ, ОРДАБАСЫ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ
Мектебіміздің ашылуы құтты болсын. Шұбарсуда әлеуметтік нысандар оның ішінде инфрақұрылымға қатысты мәселелер ретімен шешіліп келе жатыр. Оның барлығына дем беріп отырған облыс басшысына рахмет. Қаражаттың бөлінуіне ықпал жасап жатыр.
Шара барысында қонақтар бастауыш сынып бөлмелерімен, мультимедиялық сынып, асхана, шеберхана, кітапхана мен спорт залын аралап, мектептің материалдық-техникалық базасымен танысты. Мектеп ауыл балаларының сапалы білім алуына, шығармашылық қабілеттерін дамытуға және зияткер ұрпақ қалыптастыруға зор үлес қосады деп күтілуде.
АЙГҮЛ ҚАСЫМБЕКОВА, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Жалпы орта мектеп ретінде 600 бала білім алатын болады. Қазір жанында тұрған бастауыш мектептен 200 бала келетін болса Шұбарсудағы жекеменші, және үш ауысымға өту қауіпі бар мектептерден балалар келіп білім алатын болады.
Жаңа мектепте заманауи жабдықталған сыныптарда сапалы білім алуға және ұстаздар үшін еңбек етуге барлық жағдай жасалған. Мектепте 70-ке жуық адам жұмыспен қамтылады. Жобаның жалпы құны – 2 млрд 644 млн. 403 мың теңге. Шұбарсу ауылы облыс көлеміндегі халқы көп шоғырланған елді мекеннің бірі. Бүгінгі күнге елді мекенде 50 мыңнан аса халық болса, 15 мектепте 12 мыңнан аса оқушы білім алады. Сондықтан да мұндағы әрбір игі бастама ел рухын көтеріп, жас ұрпаққа тағылым берері анық.