Бүгін Сенат депутаттары Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова Шымшаһардағы құқық қорғау органдарының жұмысымен танысты. Құзырлы орган өкілдері мегаполистің қазіргі ахуалы мен атқарылып жатқан шаралар жайлы баяндама жасады.
Алдымен депутаттар қалалық прокуратурада болып, заңдылықты қамтамасыз ету, құқық қорғау жүйесін жетілдіру мәселелерін талқылады. Прокуратура өкілдері қылмыстың алдын алу, тұрғындармен байланыс орнату бағытындағы жұмыстар жайын баяндады.
НҰРЛАН БЕКНАЗАРОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ
Бізге жалпы жұмыстар бойынша ақпарат берілді.Арнайы бейнероликті көрдік.Қалалық прокуратураның жасап жатқан жұмыстары көңілге қонымды.
Сапар барысында халық қалаулылары полиция департаментіне де барды. Мұнда ішкі істер органдарына енгізілген заңнамалық өзгерістердің орындалуы мен қаладағы қоғамдық қауіпсіздік деңгейі қаралды. Полиция қызметкерлері жедел-қызметтік дайындық, профилактикалық шаралар туралы мәлімдеді.
АЙГҮЛ ҚАПБАРОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ
Қазіргі таңда Парламентте қылмыстық профилактикалық туралы заң қаралып жатыр.Ол жерде тек жаза қолдану ғана емес, алдын-алу мәселесі жолға қойылған.
Шаһарда соңғы уақытта алаяқтық деректері күрт артқан. Жасөспірімдер арасындағы қылмыс деңгейі де көңіл көншітпей тұр. Сапар барысында халық қалаулылары аталған мәселелерді басшылыққа алып, жұмысты жүйелеуді тапсырды.