Жаңа жыл мерекесі күндері Түркістан облыстық полиция департаментінің жеке құрамы күшейтілген қызмет тәртібінде жұмыс атқарады. Әсіресе адамдар жаппай жиналатын орындарда қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікке ерекше назар аударылады. Бұл туралы аппарат мәжілісінде айтылды.
Қазіргі уақытта облыс аумағында «Пиротехника» жедел профилактикалық іс-шарасы жалғасуда. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 196-бабына сәйкес, шектелген тауарларды сатқандығы үшін 81 дерек анықталып, жалпы саны 766 дана сәйкестік сертификаты жоқ пиротехникалық бұйым тәркіленді. Мерекелік іс-шаралар өтетін нысандарда комиссиялық қарау арқылы тексерулер жүргізілді. Жаңа жылдық іс-шаралар өткізілетін 956 нысан бақылауға алынды. Барлық нысандарға визуалды тексерулер жүргізіліп, нәтижесінде 1 115 құқық бұзушылық анықталды, оның 988-і жойылды. Қалған құқық бұзушылықтар бойынша нысан иелеріне оларды жою үшін нақты мерзімдері көрсетілген ұсыным хаттар берілді. Сондай-ақ департамент тарапынан тәулік бойы тұрақты кезекшілік ұйымдастырылды. Облыс әкімі жауапты тұлғаларға мереке күндері қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тиісті қызметкерлер мен арнайы автокөліктерді жұмылдыру, сондай-ақ өрт пен төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында рейдтік жұмыстарды ұйымдастыру жөнінде нақты тапсырмалар берді. Бұл жұмыстарға басқармалар мен аудан, қала әкімдерінің де тікелей жауапты екені ескертілді.
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Сонымен қатар тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарына жедел назар аударып, тиісті жұмыстарды жүргізу маңызды. Хаттамалық тапсырмалардың уақтылы орындалуын қамтамасыз етулеріңізді сұраймын. Осыған байланысты әркім өз жұмысына тиянақты болуы қажет.