Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков «Woodstock North Services» холдингінің басшысы Нұрлан Жагипаровпен кездесті. Басқосуда Шымкент қаласының көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған жобаның таныстырылымы ұсынылып, салаға әлемдік озық технологияларды енгізу мүмкіндіктері талқыланды.
Кездесу барысында қоғамдық көліктегі жүйелі мәселелерді шешу және саланы кешенді дамыту жайы сөз болды. Атап айтқанда, заманауи газбен толтыру станцияларын салу, сондай-ақ электр көліктеріне арналған аса жылдам қуаттау хабтарының желісін қалыптастыру ұсынылды. Мұндай тәжірибе Ұлыбританиядағы «InstaVolt» компаниясы тарапынан сәтті жүзеге асырылғаны атап өтілді. Сонымен қатар «DNA Payments» шешімдерін қолдану арқылы қолайлы әрі заманауи бейконтактілі төлем жүйесін енгізу мәселесі қарастырылды. Бұл жүйе қосымша орнатпай-ақ, банк картасы немесе ұялы телефон арқылы төлем жасауға мүмкіндік береді. Мұндай тәсіл қалалық маршруттардың тиімділігін арттырып, автобус паркінің пайдалану мерзімін ұзартуға, сондай-ақ экологиялық таза электр көліктерін дамытуға оң әсерін тигізеді. Кездесу қорытындысы бойынша қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жауапты тұлғаларға жобаны іске асырудың егжей-тегжейлі жоспарын әзірлеуді және қажетті техникалық шарттарды қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ Шымкент қаласында технологиялар әрбір тұрғынның жайлылығына қызмет ететін, ақылды әрі тиімді логистикасы бар заманауи мегаполис қалыптастыру қажеттігі атап өтілді. Қоғамдық көлікті жылдам, қолайлы және экологиялық қауіпсіз ету – қаланың тұрақты дамуына бағытталған ортақ міндет екені ерекше айтылды.