Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жұмысшы мамандармен кездесіп, ерен еңбек иелерін мерекемен құттықтады. Жүк көлігін жүргізуші, слесарь, механик, электромонтер, көше сыпырушы сынды 30-ға жуық қызметкерді марапаттап, бағалы сыйлық үлестірді.
Ислам Жорабаеков 22 жылдан бері автобус жүргізеді. Таңғы 6:30-мен түнгі 11:00 аралығында қоғамдық көлік тізгіндеп, жолаушы тасымалдайды. Кейіпкеріміз жауапкершілігі жоғары саласының қызығы мен қиындығы қатар жүретінін айтады.
ИСЛАМ ЖОРАБЕКОВ, АВТОБУС ЖҮРГІЗУШІ
– «Сонша адамды алып бара жатқан соң жауапкершілігі болады. Қиынына қиын, бірақ бұл жұмыс қой.» «Әр адам өз мамандығын сүйіп істегені жақсы деп ойлаймын.»
Ал, Күлпән Асылбекова 34 жылдан бері қарттар үйінде жұмыс істейді. Қазыналы қарияларға қызмет жасап, көмек көрсетеді. Жабырқау жүректі жазып, көлеңкеде қалған көңілді көтереді. Есіл еңбек еленіп, бүгін ол қала әкімінің қолынан марапат алды.
КҮЛПӘН АСЫЛБЕКОВА, №2 АРНАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ
– «35 жыл дегенде еңбегім еленіп жатыр екен. Қала әкіміне, өз басшылығыма алғыс білдіремін.»
Жиын барысында қала басшысы еңбеккерлермен пікір алмасып, талап-тілектеріне құлақ түрді. Ұсыныс-пікірлерін тыңдап, жұмыс жайымен танысты. Әр қызметкермен жеке-дара тілдесіп, жұмысына сәттілік тіледі.
ҒАБИТ СЫЗДЫҚБЕКОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ
– «Қаламыздың дамуына қосқан әрқайысыңыздың орындарыңыз бар. Соған алғысымызды білдіреміз»
Қала әкімдігі еңбеккерлер жылына орай «Ел ырысын арттырған еңбек адамдары» атты жинақ шығарды. Онда ел дамуына өлшеусіз үлес қосқан жұмысшылардың орасан зор үлесі баяндалады.