Шымкентте спортпен тұрақты айналысатын тұрғындар саны 547 мың адамға жетті. Бұл қала халқының 46,9%-ын құрайды. 2025 жылдың 1 маусымынан бастап шаһарда спорт, шығармашылық және қосымша білім беруді біріктіретін бірыңғай ваучер пилоттық жобасы іске қосылды. Бұл туралы Туризм және спорт министрінің орынбасары Бауыржан Рапиков мәлімдеді.


Кездесу барысында Бауыржан Серікбайұлы министрлік тарапынан спорт және туризм саласында атқарылған жұмыстар мен реформаларды таныстырып, Шымкент қаласындағы бұқаралық спортты дамыту, спорт инфрақұрылымы мен жоғары спорттық жетістіктер жөнінде баяндама жасады. Оның сөзінше, мемлекеттік спорттық тапсырыс аясында өңірде спорттың 18 түрі бойынша 16 мыңнан астам бала мен жасөспірім қамтылған. Сонымен қатар, елімізде биыл 135 спорт нысаны салынса, жақын арада тағы 21 нысанның құрылысы аяқталады. Сондай-ақ, биыл қалада 26 гектар аумақты құрайтын жаңа футбол стадионының құрылысы басталды.


БАУЫРЖАН РАПИКОВ, ҚР ТУРИЗМ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ

Биыл 300 мыңнан астам балалар мен жасөспірімдерді қамту үшін жергілікті атқарушы органдар 50 млрд теңге қаражат бөлді.Мемлекеттік спорттық тапсырысты іске асыру шеңберінде өңірде спорттың 18 түрі бойынша 16 мыңнан астам бала мен жасөспірім қамтылды. 2025 жылдың 1 маусымынан бастап бірыңғай ваучерді енгізу бойынша пилоттық жоба іске қосылды.