Жаңа жылда жаңа қоныс. Мегаполисте мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары аясында кезекті баспана табыстау рәсімі өтті. Салтанатты іс-шараға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков арнайы қатысып, жаңа қоныс иелерін құттықтап, тұрғындарға ізгі тілегін білдірді.
Аталған тұрғын үйлер «Отбасы банк» АҚ арқылы іске асырылып жатқан «5-10-20» және «2-10-20» мемлекеттік бағдарламалары шеңберінде берілуде. Биыл қараша айында Бозарық мөлтек ауданында орналасқан 444 пәтерге конкурс өткізілген. Конкурсқа шамамен 8 мыңға жуық қала тұрғыны қатысқан. Нәтижесінде төлем қабілетін растау және несиелік талаптарға сәйкестігін тексеру кезеңінен 203 азамат өткен. Қалған 241 пәтер бойынша конкурсқа қатысқан азаматтардың төлем қабілетін растау үшін 2026 жылдың қаңтар айынан бастап кезең-кезеңімен банкке шақыру жоспарланып отыр.
ЕРКІН АҚЫНШАЕВ, «ОТБАСЫ БАНК» АҚ ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ БОЙЫНША ФИЛИАЛЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Бұл пәтерлер екі бағдарлама бойынша берілді. Әлеуметтік осал топтағы азаматтар «2-10-20» бағдарламасымен, ал бюджеттік сала қызметкерлері «5-10-20» бағдарламасымен баспана алды. Қалған пәтерлердің кілтін бүгін қала әкімі табыстайды.
Салтанатты рәсім барысында жаңа пәтер иелерінің бірі, бірінші топтағы мүгедек баланың анасы Нағима Молдасапарова өз қуанышымен бөлісті. Ол сегіз жыл бойы тұрғын үй кезегінде тұрғанын айтып, бір бөлмелі пәтерге ие болғанына ризашылығын білдірді.
НАҒИМА МОЛДАСАПАРОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Бір бөлмелі пәтерге қол жеткіздік. Қуанышымызда шек жоқ. Үйіміз құтты болсын. Осындай мүмкіндік жасап отырған жандарға үлкен рақмет.
Сонымен қатар, «Отбасы банк» арқылы мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары келесі жылы да өз жалғасын табады. Бұдан бөлек, банктің ішкі нарықтық бағдарламалары мен қаладағы құрылыс компаниялары ұсынатын тұрғын үйлерді қаржыландыру тетіктері де жалғасын таппақ.