Спорт саласының үздіктері марапатталды. Биыл қала әкімінің қолдауымен бірқатар жаңа спорт нысандары бой көтеріп, пайдалануға берілді. 317 спорттық іс-шара ұйымдастырылып, оған 70 мыңға жуық тұрғын қатысты. Бұқаралық спортты дамытуға бағытталған бастамалар тұрғындар арасындағы салауатты өмір салтын қалыптастыруға айрықша ықпал етті. Халықаралық және республикалық жарыстарда өңір спортшылары 2671 медаль жеңіп алды.
Шымкенттік спортшылар биыл ел чемпионаттарында 760 алтын, 717 күміс, 769 қола медаль еншілеген. Ал Азия чемпионаттарында 102 алтын, 75 күміс, 67 қола жеңіп алған. Әлем чемпионаттары мен кубоктарында 70 алтын, 58 күміс және 53 қола жүлде иеленген. Қала әкімі жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттап, спорттық мансабына сәттілік тіледі.
ҒАБИТ СЫЗДЫҚБЕКОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ
– «Күніне екі-үш рет жаттығу жасайсыздар, елдің абыройын асқақтатуға еңбек етіп келесіздер.» «Мемлекет тарапынан қолдау көрсетеміз, бірге боламыз өздеріңізбен!»
Ильяс Оралбеков үшін биыл өнімді жыл болды. Ол жаттықтыратын екі боксшы әлем чемпионы атанып, ел әнұранын орындады. Елі еңбегі еленіп, бүгін ол қала әкімінің қолынан “Жылдың үздік жаттықтырушысы” номинациясын алды. Айтуынша, жетістіктің кілті – темірдей тәртіпте. Ол өз шәкірттерін орынсыз отырыстар мен сауық кештеріне жібермейді, ағалық ақылын айтып, ұдайы жігерлендіріп отырады.
ИЛЬЯС ОРАЛБЕКОВ, БОКСТАН ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ
«Екі бірдей шәкіртім әлем чемпионы атанды. Бұл тарихта болмаған жетістік екен.» «Тәртіпсіз ешбір бала жетістікке жете алмайды. Тәртіп міндетті түрде қойылады. Сосын әрбір бапкердің өзіндік әдісі болуы керек.»
Биыл 5 жаттықтырушыға «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы», 6 спортшыға «Еңбек сіңірген спорт шебері» атағы берілді. Сондай-ақ 35 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 128 спорт шебері даярланды. Бүгінде 1240 шымкенттік спортшы Қазақстан Республикасының ұлттық, жастар және жасөспірімдер құрамалары сапында өнер көрсетіп, ел намысын қорғап жүр.