Жаңа жыл мерекесі қарсаңында «AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында Шымкент қаласының Абай ауданында орналасқан №135 жалпы орта мектебінде үй жағдайында білім алатын ерекше балаларға арналған мерекелік іс-шара өтті. Қайырымдылық шара барысында балаларға сыйлықтар табысталып, мерекелік көңіл-күй сыйланды.
Балаларға кеште мәслихат депутатының демеушілігімен 15 балаға кілем мен тәттілер табыс етілді. Сонымен қатар, кішкентай өнерпаздар тақырыпқа сай ән шырқап, би билеп, жиналған қауымға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
ТАЛҒАТ ЫСҚАҚОВ, ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТТЫҢ ДЕПУТАТЫ
Осы біздің балапандарымыз аман болсын. Осы балапандарға мемлекеттік қолдау толастап қалмақ емес. Біз қашанда қолдау көрсетуге дайынбыз.
Мерекелік жиында сөз сөйлеген аманаттықтар ерекше балаларды және олардың ата-аналарын жаңа жылмен құттықтап, партия тарапынан мұндай балаларды қолдау әрдайым басты назарда екенін атап өтті.
ЕРБОЛ БАЙҚОНЫСОВ, AMANAT ПАРТИЯСЫ ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Әрбір бала мейірім мен қамқорлықты сезініп өсуі керек. Ерекше күтімді қажет ететін балаларға қуаныш сыйлау – біздің ортақ жауапкершілігіміз. Жаңа жыл әр отбасыға үміт пен шаттық әкелсін
Партияның қалалық және аудандық филиалдары жаңа жылдық «Серпантин» қайырымдылық акциясын қолға алған. Онда мәслихат депутаттарының қолдауымен бүгінге дейін жүздеген балаға сыйлықтар үлестірді. Олардың қатарында әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан және ерекше күтімді қажет ететін балалар бар.
САЛТАНАТ ЗИЯБЕКОВА, АТА-АНА
Қуаныштымыз, рақмет! Аманат партиясы халықтың үмітін арқалаған ұйым. Біз қашанда сенім артып отырамыз
Жалпы, жыл басынан бері «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында 223 іс-шара ұйымдастырылып, қоғамның осал топтарын қолдауға бағытталған жүйелі жұмыстар атқарылды.