Түркістан облысы әкімінің орынбасары тағайындалды. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімімен, облыс әкімінің орынбасары лауазымына Қайыпбек Қанат Әбдіразақұлы тағайындалды. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров облыс активіне жаңа орынбасарын таныстырып, өңірді дамыту бағытында маңызды міндеттер жүктеліп отырғанын айтты. Алдағы жұмысына сәттілік тіледі.


Қайыпбек Қанат Әбдіразақұлы 1984 жылы Түркістан облысы Төлеби ауданында туған. Білімі жоғары. Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін бітірген. Еңбек жолын 2005 жылы Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан облысының экономика және бюджеттік жоспарлау департаментінің көшіру-көбейту техникасы бөлімінің меңгерушісі болып бастаған.


Жаңа лауазым иесі 2013–2018 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарған. 2018–2019 жылдары Түркістан облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары, 2021 жылдан бері Түркістан облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысы қызметін атқарып келді. Енді ол осыған дейін жинаған білімі мен тәжірибесін облысты дамытуға жұмсауға дайын екенін жеткізді.


Қайыпбек Қанат облыстың кәсіпкерлік және сауда, мемлекеттік сатып алу жөніндегі жұмыстарына жетекшілік етеді. Қаржы және мемлекеттік активтер, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармаларының жұмыстары да жаңа лауазым иесінің басқаруында болады.