Түркістанда дәстүрлі «Жыл үздіктері – 2025» байқауының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Бұл күні жыл қорытындыланып, түрлі салада жетістікке жеткен азаматтарға, адал еңбегімен дараланған еңбек адамдарына құрмет көрсетілді. Салтанатты жиында қала әкімі шаһардың дамуында әрбір тұрғынның үлесі маңызды екенін атап өтіп, облыстың жетістіктеріне тоқталды. Көпшілікті келе жатқан 2026 жылмен құттықтап, жыл үздіктеріне мемлекеттік наградалар мен алғыс хаттар табыстады.


 Байқауды Түркістан қаласы Ішкі саясат бөліміне қарасты «Жастар ресурстық орталығы» КММ жариялаған. «Жыл үздігі – 2025» атануға үміткерлікке 100-ден аса өтініш түскен. Жүзден жүйрік шыққандар бүгін марапат алып, марқайды.


МАРЛЕН СЕРІКБАЕВ, «ҮЗДІК ЖАС МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕР» НОМИНАЦИЯСЫНЫҢ ИЕГЕРІ
Бұл біздің жұмысымызға мотивация деп білемін. Алда әлі мемлекеттік қызметке сіңірер еңбегіміз көп деп білемін.


Сонымен қатар, осы шара аясында спорттық спартакиада жеңімпаздары да марапатталды. «Түркістан Болашақ» жоғары көпсалалы колледжі «Үздік колледж» деп танылды.


 ҚОНАЙ ИСКЕНДИРОВ, «ТҮРКІСТАН БОЛАШАҚ» ЖОҒАРЫ КӨПСАЛАЛЫ КОЛЛЕДЖІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Жастар қай салада болмасын белсенді болуы керек. Осы жастар еліміздің ертеңі деп білеміз.


Шара соңында барлық жеңімпаздар мен қатысушыларға алғыс хаттар, естелік сыйлықтар және кубоктар табысталып, жастардың қоғам өміріндегі белсенділігі мен спорттағы жетістіктері жоғары бағаланды.