Жаңа жыл қарсаңында Алтынтөбе және Тассай екі ірі тұрғын алабына табиғи газ жүйесі жақсартылды. Бұған дейін жекеменшік газ желісіне қосылған абоненттер төмен қысым салдарынан қыстың күні әбігерге түсетін. Енді қысымы жоғары магистральды желіге қосылып, тұрғындардың тұрмысы жеңілдеді. Игі іске қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысып, тұрғындарды алдағы мерекемен құттықтап, шаңырақтарына жылу мен жайлылық тіледі.

 Тассай елді мекенінде табиғи газбен қамту жұмыстары толық аяқталды. Бұған дейін жекеменшік газ желілерін пайдаланған тұрғындар қысымның төмендігі мен газ жетіспеушілігінен қолайсыздық көріп келген. Ал бүгінде мемлекет есебінен тартылған жаңа газ желісі тұрғындардың тұрмыс сапасын айтарлықтай жақсартты.

ТАЛДЫБЕК МӘДІБЕКОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Жаңадан газ қосылды, қысымы өте жақсы. Бұрын ескі желіде қысым жетіспей, түрлі қиындықтар болатын. Қазір жағдай әлдеқайда жақсарды.

Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Рзабек Меңдіқұловтың мәліметінше, Тассай елді мекенінде газдандырудың үшінші кезеңі жүзеге асырылуда. Аталған кезең аясында 700-ден астам абонент газға қосылып отыр. Жалпы Тассай елді мекенінде 3 400-ден астам абонент табиғи газбен қамтылған.

РЗАБЕК МЕҢДІҚҰЛОВ, ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
 Үшінші кезең аясында Тассай елді мекенін газбен қамту жұмыстары толық аяқталады. Бүгін Алтынтөбе тұрғын алабы да газ жүйесіне қосылады. Тассай мен Алтынтөбені қоса алғанда, қала бойынша қамту көрсеткіші 98,5 пайызды құрайды.

Алтынтөбе тұрғын алабына тартылған газ құбырының жалпы ұзындығы 12 шақырымнан асады. Нәтижесінде 343 тұрғын үй көгілдір отынға қосылу мүмкіндігіне ие болды. Құрылыс-монтаж жұмыстары бір жыл көлемінде жүргізілген.