2025 жылы Шымкент қаласы кәсіпкерлікті дамыту мен экономиканы нығайту бағытында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. 2023–2025 жылдар аралығында белсенді кәсіпкерлік субъектілерінің саны 128 мыңнан 141 мың бірлікке жетіп, қалада 250 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды. Экономикадағы өндірілген өнім үлесі де 41%-дан 58%-ға артты.


Кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шаралары аясында 2025 жылы 20 млрд теңге қарастырылса, жылдың 10 айында 11,8 млрд теңге бөлініп, 1 971 жоба іске асырылды, оның ішінде 191 жоба – ірі инвестициялық бастамалар. Шағын өндірістік алаңдардың құрылысы да қала кәсіпкерлері үшін жаңа мүмкіндіктер ашты: 45 мың шаршы метр алаңда 50-ден астам шағын кәсіпорын қызмет етіп, 300 жаңа жұмыс орны құрылды. Бұл саладан бюджетке 500 млн теңгеге жуық салық түсті. Салықтық жеңілдіктер де бизнес өсуіне серпін берді: бөлшек салық мөлшері 4%-дан 2%-ға төмендетіліп, түсім 9 млрд теңгеден 31 млрд теңгеге дейін артты. Сондай-ақ, қала базарларының жаңғыртылуы халық пен кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдай туғызды. Қаланың 19 базарының 15-і модернизациядан өтті, ал биылғы жылы қалған 4 базар да толық жаңартылып, барлық базарлар 100% стандартқа сәйкестендірілді. Шымкенттегі кәсіпкерлікті қолдау мен экономикалық дамудың бұл көрсеткіштері қала экономикасының тұрақты өсімін қамтамасыз етіп, тұрғындар мен инвесторлар үшін сенімді ортаны қалыптастырады.