Жаңа жыл түні Қазақстанда 254 сәби дүниеге келді. Оның 29-ы Түркістан облысында, 77-сі Шымкентте. Мегаполисте туған шақалақтардың 22-сі Қалалық перинаталдық орталықта өмірге келген. Олардың жағдайы қалай? Қандай күтім көрсетіледі? Тілші Қанат Жолдасбек біліп қайтты.

22 сәбидің 13-і қыз, 9-ы ұл. Ал жаңа жылдың алғашқы күні тағы 11 сәби дүниеге келді. Олардың арасында уақытынан бұрын туған нәрестелер де бар. Олар ерекше күтімді қажет етті. Дәрігерлердің айтуынша, қазір барлық сәбидің жағдайы жақсы, денсаулығы тұрақты. Олар жіті бақылауда.

ГҮЛМИРА БУДУКОВА, БАС ДӘРІГЕРДІҢ ОРЫНБАСАРЫ
 «Қазір барлық баланың жағдайы жақсы, тұрақты. Ана мен бала мамандардан қажетті ақыл-кеңес алады. Орталықтан шыққаннан кейін де бақылауда болады. Ақ халаттылар күнделікті тексеріс жүргізіп, әр баланың хал-ахуалын қадағалайды. Қажетті дәрумендер беріледі. Жағдайы жақсы сәбилер 4–5 күнде үйіне жіберіледі. Ал жағдайы күрделі болса, 90 күнге дейін орталықта бақылауда болады».

 30 жастағы Дамира Манабаева бесінші сәбиін дүниеге алып келді. Баласын кесар тілігімен босанған ана шақалағын үш күннен кейін бауырына басқан. Бастапқыда әлсіз туған нәресте дәрігерлердің ерекше күтімінің арқасында салмақ қосып, қуаттанған. Қазір жағдайы жақсы.

ДАМИРА МАНАБАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ

«Баланы өте ауыр жағдайда босандым, кесар тілігімен. Орталық ұжымына алғысым шексіз. Қазір баламның жағдайы өте жақсы».

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елімізде тіркеуге тұрған жүкті әйелдердің саны 25 пайызға артқан. Мамандар жүктілікті уақытында тіркеу ана мен бала қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, болашақ сәбидің сау болып дүниеге келуіне ықпал етеді дейді.