Түзеу колониясының 3 қызметкері қамауға алынды. Адам құқықтары жөніндегі өкіл Нұржан Әбдезов №53 жабық түзеу мекемесіне барып, шағымдарды қарау кезінде аймақтық тұтқындардың бірімен жеке кездесу өткізді.

Нұржан Әбдезовтің айтуынша, кездесу барысында тұтқындардың бірінің қолы қатты ісінгені және терісінің қарайғаны байқалған. Сонымен қатар, тағы бір тұтқынның ұрып-соғылғаны, соның салдарынан жағы сынғаны анықталды. Аймақтық өкіл бұл жағдайларға байланысты дереу шара қолданды. Нәтижесінде медицина қызметкерлері уақтылы медициналық көмек көрсетпегені үшін жауапкершілікке тартылды. Ал мекеме қызметкерлеріне қатысты Қылмыстық кодекстің 362-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Адам құқықтары институты мекеме қызметкерлерінің азаптау деректеріне байланысты әрекеттерін қайта қарау туралы жоғары қадағалау органына шағым түсірді. Бас прокуратура бұл ұстанымды қолдап, сотқа дейінгі тергеу Қылмыстық кодекстің 146-бабының 3-бөлігі бойынша қайта сараланды. Нәтижесінде түзеу мекемесінің үш қызметкері қамауға алынды.