Шымкентте көпбалалы отбасылар саны артты. Былтыр күміс және алтын алқа иегерлері 1272-ге көбейді. Бұл туралы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының өкілдері мәлімдеді. Сала мамандары демографиялық өсімнің жақсарғанын ана мен балаға жасалып жатқан мемлекеттік қолдау шараларымен байланыстырады.
Жаңа туған сәбидің алғашқы тынысы мен ана құшағынан тыныштық тапқаны өмірдегі ең әсерлі сәт. Қалалық перзентханадағы бұл көріністер халық санының қарқынды өсіп келе жатқанын айғақтайды. 2025 жылы қалада 27 560 нәресте дүниеге келген. Шымкент демографиялық өсім жағынан ел бойынша алдыңғы қатарға шықты. Сәйкесінше, көпбалалы отбасылар саны да артып келеді.
СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ, ӘКІМДІКТІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ
70728 көпбалалы ана бар. Алтын алқа мен күміс алқа иегерлері 14837. Статистикаға қарағанда біздің көпбалалы аналардың саны артып отыр.
Отбасы институтын нығайту мемлекеттік саясаттың басым бағыты саналады. Өңірде осы мақсатта қолдау орталығы құрылған. Президент тапсырмасымен ашылған мекемеде психологиялық көмек, құқықтық кеңес беріледі. Сонымен қатар, тұрғындар арнайы курстардан өтіп, мамандық меңгеруге мүмкіндік алады.
АБИБУЛЛА ҚАЛЫМБЕТ, «ОТБАСЫН ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҒЫ» КММ БАСШЫСЫ
Негізінде біздің жұмысымыз осындай мүшкіл халдегі осал топты, жағдайы төмен отбасыларды азайту мақсатында жұмыс істейміз. 8 мыңнан аса адамда осы жерде қабылдап, 12800-ге жуық консультациялық кеңес бергенбіз.
Орталықта қайта даярлау курстарына сұраныс артып келеді. Мұнда көпбалалы аналар мен әлеуметтік осал топтағы жандар еңбек нарығына қажетті деген салаларды үйренеді. Мамандардың пікірінше, қаржылай көмек беруге қарағанда, өз бетінше табыс табуға дайындау аса маңызды. Алты баланың анасы Шолпан Көлбаева осындай қолдаудың арқасында тұрақты жұмыс тапқан. Қазір бөлім басшысы болып қызмет атқарады.
ШОЛПАН КӨЛБАЕВА, ҚАРАТАУ АУДАНЫ БОЙЫНША ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК КӨРСЕТУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
Қызмет алып жүрген аналармен жұмыс істеу қиын түскен жоқ маған. Өйткені әрбір ананың, қиын жағдайларда қалған аналардың мұқтаждығын бәрін білемін, түсінемін. Отбасымен зерделеу жұмыстарын жасаймыз. Қолымыздан келгенше сүйемелдеу жұмыстарын жасап, қорытынды шешімін шығарамыз.
Балым Момбекованың баласы ерекше күтімді қажет етеді. Сондықтан орталыққа перзентіне оңалту терапиялары жайлы білуге келген. Бірақ оған отбасына кешенді қолдау ұсынылды. Қазір баласының ем-домын сала мамандарына тапсырып, өзі тігін шебарханасында киім пішуді үйреніп жүр.
БАЛЫМ МОМБЕКОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Үлкен қызыма двойка тіктік спортивка асты-үстімен. Кіші қызыма жаңа жылдық көйлек тіктім. Өзіме мынау екінші көйлегім тігіп жатқан. Менің қолымнан шыққан бұйымдарды кураторым, жетекшім мақтап жатыр. Енді ерекше баланың анасы ретінде мен кәдімгі 8-12 сағаттық жұмысқа шыға алмау себебінен курсты оқыдым. Маған өте ұнайды. Үйде жағдай жасап алдым. Машинка, оверлок алдық.
Отбасын қолдаудың жаңа жүйесі өз нәтижесін берді. Сәйкесінше атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 42,3%-ке азайды. Яғни, бұған дейін Шымкентте 46 мың адам мемлекеттік қолдауға ие болса, кейін 26 мыңға жуықтаған. Сала мамандары оң өзгерісті тұрғындардың табыс көзі тұрақталып, әлеуметтік жағдайының жақсарғанымен байланыстырады.