Түркістан облысына қарасты аудан, қалаларда 22 шағын өндірістік алаң құрылып жатыр. Жалпы аумағы 225 гектардан асатын  орында 256 өндірістік ғимарат бой көтереді. Өндірістік нысандарда жүзеге асатын 152 жоба пысықталып, бекітілген. Олардың инвестициялық құны – 212,8 млрд теңгені құрайды. Атқарылып жатқан жұмыстар жайы облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде талқыланды.


 Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауапты басқарма, аудан, қала әкімдеріне өндірістік алаң құру жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Нысандарды сапалы әрі уақтылы аяқтау қажетін жүктеді.


НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
– «Өндірістік парктерді құру жұмыстарының арнайы жол картасын бекітіп, іс-шаралардың орындалуын басқарма және әр аудан, қала әкімдері жеке бақылауларына алуы тиіс. Өндірістік парктерді заманауи талапқа сай әрі бәсекеге қабілетті жобалармен толықтыруды қамтамасыз етуді тапсырамын.»


Жиында облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметов баяндама жасады. Жауаптының айтуынша, жобалардың басым бөлігі құрылыс материалдарын өндіру, пластик және резеңке өнімдері, жиһаз өндірісі, жеңіл өнеркәсіп және химия өнімдерін өндіру саласын қамтиды. Бүгінде шағын өндірістік алаңдар салу бойынша Сауран, Ордабасы, Шардара, Жетісай, Түлкібас аудандарында белсенділік жоғары. Алдағы уақытта жобалардың ауқымы кеңейтіліп, тиісті жұмыстар жалғасады, дейді ол.


 НҰРЖІГІТ МЫРЗАХМЕТОВ, ОБЛЫСТЫҚ КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ САУДА БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
 – «Барлық аудан және қала әкімдіктерімен бірнеше рет жиналыстар өткізіліп, жобаны іске асыру бағыттары түсіндірілді.»«Бүгінгі таңда жұмыстар қарқынды түрде жүргізіліп келеді.»


Жиын соңында өңір басшысы атқарылып жатқан жұмыстардың ретін пысықтап, жауаптыларға тиісті тапсырмаларды берді.