Мемлекет тұрғын үй көмегін беру ережелерін жаңартты. Енді бәрі ашық және онлайн қолжетімді болады. Тұрғын үй көмегі – бұл Қазақстандағы аз қамтылған азаматтар мен отбасыларға арналған мемлекеттік төлем. Оның негізгі мақсаты – мемлекеттік тұрғын үй қорынан алынған тұрғын үй, коммуналдық қызметтер және тұрғын үйді жалға алу шығындарының бір бөлігін өтеу.


Жалпы, көмек өздерінің жалғыз тұрғын үйінде тұратын немесе мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана жалдап отырған, ал тұрғын үй мен коммуналдық төлемдері отбасының жиынтық табысының 5–10 пайызынан асатын аз қамтылған отбасыларға беріледі. Ал берілген көмек су, жарық, жылу, газ, тұрғын үйді күтіп-ұстау, күрделі жөндеу, байланыс қызметтері және мемлекеттік тұрғын үйді жалдау ақысы бойынша шығындардың бір бөлігін өтейді. Жеке тұлғадан жалға алынған тұрғын үй мен нормативтен тыс коммуналдық тұтыну есепке алынбайды. Тұрғын үй көмегі бір тоқсанға, яғни үш айға тағайындалады, мерзімі аяқталған соң қайта өтініш беру қажет. Өтінішті eGov.kz порталы арқылы немесе тұрғылықты жері бойынша ХҚКО-да беруге болады, өтініш 6 жұмыс күні ішінде қаралады. Барлық мәліметтер мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері арқылы автоматты түрде тексеріледі. Аз қамтылған деп бір тұрғын үйде тұратын және отбасының барлық табысына шаққандағы тұрғын үйге, коммуналдық қызметтерге немесе  баспананы жалдауға жұмсайтын нақты шығындары, мәслихаттар белгілеген шекті деңгейден асып кететін отбасылар есептеледі.