Қазақстанда қаңтардың бірінен бастап жаңа Салық кодексі қолданысқа енді. Нәтижесінде бюджетке қосымша 4 триллион теңге шамасында қаржы түсуі тиіс. Жаңа кодекс салық жүйесін оңтайландыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, аймақтарға тартылатын инвестицияның артуына ықпал етеді. Қосымша құн салығының өсуі де қажеттіліктен туындап отыр. Жалпы қаржылық сектордағы өзгерістер ел экономикасына оң әсер етуі тиіс.
Биылдан бастап елімізде жеке кәсіпкер ретінде тіркелу талабы өзгереді. Осылайша, өз бетінше жұмыс істеп, жалдамалы қызметкер ұстамағандар өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұлға ретінде танылады. Мұндай санатқа курьер, такси жүргізушісі, жеке оқытушы, құрылысшы сынды 40-қа жуық қызмет түрі жатады. Оларға 1 наурызға дейін оңайлатылған декларация режиміне көшу туралы хабарлама келеді. Егер ескерту хаты келмесе, олар автоматты түрде жеке кәсіпкер ретінде тіркеуден шығарылады. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұлғалардың айлық табысы 1 млн 300 мың теңгеден аспауы керек.
Мобильді аударымдарға қатысты жаңа ережелер күшіне енді. Енді банк картасына үш ай қатарынан 100-ден аса адам ақша аударса және жалпы сомасы бір миллион жиырма мың теңгеден асса, бұл операциялар кәсіпкерлік табыс ретінде қарастырылады. Қаржы министрінің бұйрығымен мобильді аударымдарды бақылаудың өлшемшарты өзгерді. Мұндай күмәнді аударымдар анықталса, банк қызметкері мәліметтерді мемлекеттік кірістер органдарына береді. Салық комитеті, камералық бақылау жүргізу кезінде бизнес белгілерін анықтаса, азаматқа ескерту хабарлама жібереді. Егер келіссе, 30 жұмыс күні ішінде салық есептерін тапсырып, табыс салығын төлеуі керек. Ал келіспеген жағдайда тиісті органға себептерін растайтын құжаттар мен түсінік хатын тапсыруы тиіс.
Енді елде SIM-карта аларда міндетті түрде биометриялық сәйкестендіруден өту керек. Бұл мобильді және интернет - алаяқтықтан сақтану үшін қажет. Сондай-ақ аталмыш шара SIM-карталарды делдалдар арқылы заңсыз сатудың алдын алмақ. Сондықтан нөмірді қай жерден алса да, азамат биометриясын сәйкестендіргеннен кейін ғана іске қосылады. Бір адамға 10 SIM-картаға дейін тіркеуге рұқсат. Одан асса жағдай жеке қарастырылады. Мұндай тәсіл алаяқтық схемаларға тән нөмірлерді жаппай тіркеуді азайтады.