Түркістан облысында көктемгі су тасқынының алдын алу шаралары күшейтіліп, жағдай тәулік бойы бақылауда тұр. Құзырлы мекемелер су қоймаларының техникалық жағдайын, өзен-көлдер мен елді мекендердің тасқынға дайындығын мұқият тексеріп келеді. Облыста төтенше жағдайлардың алдын алу үшін 1 124 қызметкер, 112 техника, 25 қайық және 92 мотопомпа дайындалған.
Облыста көктемгі су тасқынына дайындық жұмыстары пысықталып жатыр. Аталған мәселе Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде кеңінен талқыланды. Аймақ басшысы жауапты сала қызметкерлеріне дайындықты одан әрі күшейтуді тапсырды.
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Су қоймаларының жағдайын қатаң бақылауға алып, су режимін дұрыс реттеуді қамтамасыз етіңіздер. Магистральды каналдар мен елді мекен аумағынан өтетін каналдардың су өткізу қабілетін арттыру қажет. Инженерлік техникаларды жоғары дайындыққа келтіріңіздер. Инертті материалдар қорын әзірлеп, қауіпті учаскелерге жеткізу қажет. Көпірлер мен жол астындағы құбырлардың су өткізу қабілетін арттырып, оларды дайын күйде ұстауды тапсырамын.
Мәжілісте облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы су тасқынына қарсы атқарылып жатқан жұмыстар жайын баяндады. Оның айтуынша, облыста тәуліктік кезекшілік штабы құрылған, өңірдегі су нысандарына күнделікті мониторинг жүргізілуде. Өзендердегі жағдай тұрақты, ал таудағы қар мөлшері нормадан төмен.
БАҒДАТ ЧАЙЗАДА, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ М.А.
Облыстағы су шаруашылығы нысандарына күнделікті мониторинг жүргізілуде. Өзендерде жағдай қалыпты. Су қоймаларының толу деңгейі 32 пайызды құрайды.
Өткен жылы «Тұран су» мекемесі Сауран, Бәйдібек, Ордабасы аудандары мен Арыс қаласында 210 шақырым су арналары мен қашыртқыларды механикалық тазалаудан өткізді. Биыл бұл көрсеткіш 186,2 шақырымды құрайды. Ал «Қазсушар» мекемесі 320 каналдың 749 шақырымын тазартқан. Биыл шамамен 800 шақырымды тазалау жоспарланып отыр. Арыс қаласының Байтоғай елді мекенінде жолға су өткелі орнатылып, Отырар ауданының бірнеше ауылында дамбалар нығайтылды. Сондай-ақ 9 елді мекенде ұзындығы 1,7 шақырым арықтар қазылды.