Түркістандық полицейлер өңір аумағында жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында үш күн бойы "Қауіпсіз жол" жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді. Шара барысында тәртіп сақшылары жол қозғалысы ережелерін бұзудың 2345 дерегін анықтаған.
Нәтижесінде 256 автокөлік мамандандырылған айыптұраққа қойылды. Рейд кезінде көлік құралын басқару құқығы жоқ 53 жүргізуші, мемлекеттік тіркеу белгілері жоқ 44 автокөлік, мас күйінде көлік басқарған 19 жүргізуші және қарсы қозғалыс жолағына шыққан 23 құқық бұзушы ұсталған. Сондай-ақ полиция қызметкерлері 4 автокөлік тізгіндеген кәмелетке толмаған жеткіншектерді тоқтатқан. Олардың ата-аналары мен заңды өкілдері әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Полиция қызметкерлері мұндай алдын алу іс-шаралары жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының санын азайту мақсатында тұрақты жүргізілетінін атап өтті.