Арусұлтан, Ақселеу, Сүйкімді және Нұрана. Бұл – 2025 жылы туған ұл-қыздарға жиі қойылған есімдер. Шымкентте халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары жаңа туған сәбилерге берілген ең танымал әрі ерекше есімдерді атап, демографиялық статистика жасады.


 Шымкент қаласы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының филиалы жаңа туған сәбилерге қойылған ең ерекше есімдердің рейтингін жасады. Азаматтық хал актілерін тіркеу қорытындыларына сәйкес, 2025 жылы 7 335 неке тіркеліп, 26 713 туу дерегі тіркелді.


Есім адам өмірімен тығыз байланысты деп ойлаймын. Мысалы, мен немеремнің атын Бибімәриям деп қойдым. Қалай ат қойылса, балаға да солай әсер етеді. Қазір түрлі жаңа есімдер қойылып жатыр, маған ондайы ұнамайды.


 Есімді мән-мағынасына қарап қойған дұрыс. Дінде де айтылады, ертең әке-шешесі жауап береді деп. Сондықтан қазақы есімдер дұрыс деп ойлаймын. Қазақтығымызды сақтайтын аттар болуы керек. Кейде амалсыз туыстарының ырымымен қоя салады. Соған да мән беру қажет.


Көбіне трендті қуалаймыз ғой. Мысалы, танымал тұлғалардың есімдерін қояды. Қазақта ырымдап ат қою дәстүрі бар. Немерелеріне ата-әжелері қазақы есімдерді ырымдап қояды. Көбінде солай деп ойлаймын.


Мен 2025 жылы ұл тудым, атын Мұхаммедәли деп қойдық. Пайғамбарымызға ұқсасын деп ниет еттік. Әрбір есім мағынасына қарап қойылуы керек, жай қоя салуға болмайды.


Жауапты мамандардың айтуынша, Шымкентте 2025 жылы туған нәрестелерге қойылған есімдердің ішінде тарихи атауларға қызығушылық артқан. Ұл балалар арасында Тәуке мен Керей есімдері жиі кездеседі.


МӘДИ АМАНЖОЛ, «АЗАМАТТАРҒА АРНАЛҒАН ҮКІМЕТ» МЕМЛЕКЕТТІК КОРПОРАЦИЯСЫНЫҢ ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ БОЙЫНША ФИЛИАЛ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Сандық көрсеткіштермен қатар, филиалда ата-аналардың балаларға қоятын есімдеріне де назар аударып отырамыз. Жыл соңына қарай ұл балалар арасында Арусұлтан, Ақселеу және Хақназар, ал қыз балалар арасында Сағым, Сүйкімді және Нұрана есімдері жиі қойылды.


 Статистикалық мәліметтерге сәйкес, еліміздің өзге өңірлерінде 2025 жылы ұл балаларға Мұхаммед, Әлихан, Айсұлтан, Омар және Алдияр есімдері жиі қойылған. Ал қыз балалар арасында Айлин мен Асылым есімдеріне басымдық берілген. Сондай-ақ Медина, Айша және Томирис аттары да кеңінен таралған.