Түркістан облысында 2026 жылы «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында атқарылатын жұмыстардың жоспары әзірленуде. Жыл бойы күнделікті атқарылатын тазалық шараларының  жобасы енгізіледі. Бағдарлама аясында мәдени-спорттық шараларды байланыстыра отырып, айына екі рет ауқымды шаралар өткізу жоспарланып отыр.


Сондай-ақ өңірде бей-берекет жиналатын қоқыстарды реттеу үшін аудандардағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындарға берілген қызмет түрінің әлеуетін толыққанды атқару бағытында жұмыстар  жанданады. 2025-2026 жылғы қысқы мерзімде облыстық, аудандық маңызы бар жолдар мен елді мекен көшелерін уақытылы қардан тазалауға жалпы 330 техника, 1155 жұмысшы жұмылдырылады. Сондай-ақ көктайғақтың алдын алу үшін қажетті инертті материалдардан 10 мың 151 текше метр құм және 2278 тонна  тұз жинақталды. Техникаларға пайдаланылатын жанар-жағармай отынымен қамтамасыз ету мақсатында  жалпы 178,6 тонна дизель, 44,1 тонна бензин отынын алуға жанар-жағармай бекеттерімен келісімшарттар жасалынды. Сонымен бірге ауа-райының қолайсыз мезгілінде жолда қалып қойған жолаушыларға жағдай жасау мақсатында облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында асуларда  4 жылыту бекеті орналасқан. Жылыту бекеттері 70 тонна көмір отынымен қамтамасыз етілді. Бұл орындардың бір мезгілде 40 адамды қабылдауға мүмкіншілігі бар. Яғни, төсек-орынмен және азық-түлікпен толығымен қамтамасыз етіледі. Сонымен қоса қардың қалың жаууына байланысты автомобиль жолдарында төтенше жағдайлар туындаған жағдайда, авариялық-құтқару жұмыстарына шұғыл әрекет ету бойынша тиісті мемлекеттік мекемелер арасында іс-әрекет ету жоспары бекітілген.