Президент 2026-ны цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады. «Turkistan» газетіне берген сұхбатында мемлекет басшысы: «Қазақстан цифрлық державаға айналуы керек. Бұл – қазіргі жаңа технология дәуірінде өркениетті ел болып қалудың бірден-бір жолы. Халқымыздың ой-санасы мұндай инновацияларға дайын екеніне сенімдімін.» деді. Цфрландыру үдерісі несімен тиімді? Тілші тарқатып айтады.
Қазақстанда жасанды интеллектпен жұмыс істейтін мамандарды даярлайтын университет ашылады. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Түркістан» газетіне берген сұхбатында айтты.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ , ҚР ПРЕЗИДЕНТІ
Қарашада «Жасанды интеллект туралы» заңға қол қойылды, жаңа заң жақында күшіне енеді. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылды. Alem.Cloud және Al-Farabium деп аталатын екі суперкомпьютер іске қосылды, Астана әкімдігі Біріккен Араб Әмірліктерінің танымал компаниясымен бірлесіп, дербес платформа құрды. Кәсіби кадрларды даярлау үшін мектептер мен университеттерде тиісті білім беру бағдарламалары жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, 650 мыңнан астам студент AI-Sana бағдарламасы аясында білім алды. Көп ұзамай Жасанды интеллект мамандандырылған зерттеу университеті ашылады.
Мемлекет басшысының айтуынша, экономика мен қоғамдық өмірге жасанды интеллектіні енгізуге басымдық беріліп жатыр. Еліміздің бұл жұмысқа қатысты бастапқы мүмкіндіктері жаман емес.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ , ҚР ПРЕЗИДЕНТІ
Мемлекет көрсететін қызметтерді, қаржы технологияларын, экономиканың бірқатар секторын цифрландыру ісінде нақты жетістіктеріміз бар. ІТ-стартаптарды қолдайтын толыққанды экожүйе тиімді жұмыс істеп тұр. Екі мың компанияның басын қосқан Astana Hub инновациялық кластері де бар. 2025 жылы ІТ-қызметтердің жалпы экспорты бір миллиард долларға жуықтады. Цифрлық активтерге арналған CryptoCity пилоттық аймағы құрылып жатыр. Жедел дамитын Alatau city қаласының құрылысы басталды. Мемлекеттік деректерді жинау және талдау жұмысының қарқыны күшейіп келеді. Кәсіби мамандар мұндай деректерді алдағы дәуірдің жаңа алтыны деп санайды.
Цфрландыру және заман талабына сай жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану үдерісі Шымкентте де қолға алынған. Өткен жылы мамандар осы бағытта бірнеше стартап жобаларды іске қосқан. Соның бірі «RoboPark.kz» Жоба аясында Робототехника және Python негіздерін оқытуға бағытталған қосымша білім беру орталығы ашылып, 185 оқушы тегін білім алған. Ал PULS AI жобасы – дәрігерлерге нақты диагноз қоюға, ем тағайындауға және медициналық хаттамалардағы қателіктерді азайтуға көмектеседі. Интеллектуалды ассистент жасанды интеллект негіздерін меңгерген. Меморандум аясында Шымкенттегі 13 мемлекеттік емханада пилоттық режимде іске қосылған.
МҰХИТ КЕМЕЛОВ, ЦИФРЛАНДЫРУ БАСҚАРМАСЫ
– «Емханалардағы терапевтермен және басқа да мамандардың ии ассистенті ретінде қолға алынған жоба. Биыл мемлекеттік 14 емханаға пилоттық режимде іске қостық. Тиімділігін көрсетті.»
Енді кеудеге тағылатын бейнебақылау жетондары тек полиция қызметкерлеріне емес, Шымкент қаласының жедел жәрдем қызметкерлеріне де беріледі. Құрылғы жасанды интеллект элементтерімен жабдықталған және тәулік бойы үздіксіз жұмыс істейді. Бұл медицина мамандарының жеке қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, көрсетілетін қызмет сапасын бақылауға да мүмкіндік береді. Қазіргі таңда қалада осындай 5 жетон бар. Басқарма қосымша тағы 5 құрылғыға тапсырыс берген.