«Turkistan» газетінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы басылымның бас редакторы, белгілі ақын, публицист Бауыржан Бабажанұлына берген кең көлемді сұхбаты жарияланды. Президент ішкі және сыртқы саясат, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы және басқа да өзекті тақырыптарға қатысты сұрақтарға жауап берді.
Президент ең әуелі 30 жылдан бері тұрақты түрде шығып келе жатқан «Turkistan» газетінің ел ақпарат кеңістігіндегі орнына тоқталып, басылымды Қазақстандағы ықпалды газеттердің бірі ретінде атап өтті. Сондай-ақ газеттің атауында да терең тарихи әрі рухани мән жатқанын айтып, редакция ұжымының тек ел ішіндегі емес, тұтас түркі жұртына ортақ өзекті тақырыптарды көтеріп жүргенін жоғары бағалады. Мемлекет басшысы мұны қалыптасқан жақсы дәстүр ретінде атап өтті. Сұхбат барысында Қасым-Жомарт Тоқаев шетелде еңбек етіп, түрлі салада жетістікке жеткен қандастар жайлы жарияланымдарды қызығушылықпен оқитынын жеткізді. Оның айтуынша, Қазақстан мен өздері тұрып жатқан мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға үлес қосып жүрген азаматтарды қолдау – маңызды іс. Осы орайда Президент мұндай үш азаматты арнайы марапаттағанын да атап өтті. Мемлекет басшысы қазіргі ақпараттық кеңістіктегі үрдістерге де тоқталды. Оның пікірінше, газет-журналдар бүгінде қайта өрлеу дәуірінің бастауында тұр. Себебі әлеуметтік желілердің шектен тыс ықпалы адамдардың ойлау және танымдық қабілетіне кері әсер етіп жатқанын атап өтті. Президент қоғамда жасы ересек болғанымен, ой-өрісі таяз, үстірт ақпаратқа тәуелді азаматтардың кездесуі осының айқын көрінісі екенін айтты.