Өткен жылы мегаполисте экономиканың өсімі 15 пайызды құрады. Нәтижесінде Шымкент республика бойынша алдыңғы қатарда. Шаһардағы жетістіктерді тілші әңгімелейді.

Мегаполисте сауда, байланыс, өнеркәсіп салалары қарқынды дамып келеді. Бүгінде өңдеу өнеркәсібі 16,5 пайызға өскен. Ал іске қосылған жаңа жобалар қаланың дамуына тың серпін беріп отыр. Соңғы жылдары құны 150 млрд теңге болатын 40 жоба іске қосылып, 2,5 мың адам жұмыспен қамтылған. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Астана қаласында өткен баспасөз конференциясында мегаполистегі ірі жобаларды атап өтті.

 ҒАБИТ СЫЗДЫҚБЕКОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ
Экспорт көлемінің ұлғаюына байланысты құны 30 млрд теңгені құрайтын жобаның екінші кезеңін қостық. Зауыт жылына 2,2 млрд алюминий құты шығарады, 112 тұрақты жұмыс орны ашылды. Сондай-ақ құны 708 млрд теңге болатын «Сауран Брикс» зауыты газдалған бетон өнімдерін шығарады.

Бүгіннің өзінде қалада жалпы құны 4,6 трлн теңге болатын 221 инвестициялық жобаның пулы жасақталған. Бұл жобалар аясында 29 мыңнан аса жаңа жұмыс орны құрылатын болады. Қала экономикасында шағын және орта кәсіпкерлікпен өндірілген өнім үлесі 41 пайыздан 58 пайызға артқан.

 ҒАБИТ СЫЗДЫҚБЕКОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ
 Биыл кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларына 20 млрд теңге қаралды (РБ – 15,3 млрд теңге, ЖБ – 4,7 млрд теңге). Бүгінде 1 971 жобаға қолдау көрсетілді, оның ішінде 191-і – жаңа жоба. Сондай-ақ аумағы 45 мың шаршы метрді құрайтын, инфрақұрылыммен толық қамтылған үш «шағын өндірістік алаң» (промпарк) құру жұмыстары аяқталуға жақын.

Қазіргі таңда қаламызда бизнесті мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде соңғы үш жылда белсенді жұмыс істейтін шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 128 мыңнан 141 мыңға жеткен. Нәтижесінде жұмыспен қамтылғандар саны 250 мыңнан асқан.