Өңірлік кадр резервінен өткен үміткерлер мемлекеттік қызметке конкурссыз қабылданады. Шымкент қаласында өңірлік кадр резервінің барлық кезеңдерінен сәтті өткен азаматтар комиссия алдында өздері таңдаған бағыт бойынша жобаларын қорғап, бүгінде әкімдікте қызмет атқарып жүр. Сондай-ақ үйде отырып-ақ мемлекеттік қызметке жұмысқа орналасуға болады. Ол үшін eGov.kz электронды үкімет порталы арқылы талап етілетін құжаттарды электронды түрде жүктеп, конкурс жариялаған мемлекеттік органға жолдау қажет.


Қазіргі таңда жұмысқа орналасам деген азаматтарға мемлекет түрлі мүмкіндіктер ұсынып отыр. Мәселен, 35 жастан аспаған жастар Өңірлік кадр резервіне үміткер бола отырып, мемлекеттік қызметке орналасу мүмкіндігіне ие. Қайырғали Бақытқалиұлы өңірлік кадр резервінің іріктеуінен өтіп, қазіргі таңда Шымкент қаласы әкімі аппаратында қызмет атқарады. Бұған дейін жер инспекциясы басқармасында жұмыс істеп, мемлекеттік қызметте тәжірибе жинаған.


ҚАЙЫРҒАЛИ БАҚЫТҚАЛИҰЛЫ, ҚАЛА ӘКІМІ АППАРАТЫ ИНСПЕКТОРЛЫҚ ЖҰМЫС БӨЛІМІНІҢ БАС ИНСПЕКТОРЫ
Өңірлік кадр резерві құрылған кезде бірінші кезеңде барлығымыз тіркелдік. Ең бастысы – алғашқы кезеңдегі мемлекеттік қызметке кіру тестілеуі болды. Тестілеуден өткеннен кейін екінші кезең – құзыреттерді бағалау өтті. Бұл кезең Шымкент қаласындағы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ассессмент орталығында ұйымдастырылды. Онда тестілеу тапсырып, ситуациялық тапсырмаларды орындадық. Келесі кезеңде үміткерлер қала әкімінің алдында жобаларын қорғады. Мен әлеуметтік саланы таңдадым. Сол бағыт бойынша презентация дайындап, қорғадым. Нәтижесінде берілген бағаларға сәйкес өңірлік кадр резервіне қабылдандым.


Қазақстанда үйде отырып-ақ мемлекеттік қызметке орналасуға болады. Ол үшін үміткер тиісті құжаттарды eGov.kz порталы арқылы жолдап, тестілеу мен әңгімелесуден онлайн форматта өте алады. Айдана Кенбаева – осы мүмкіндікті тиімді пайдаланғандардың бірі. Қазіргі таңда ол Шымкент қаласы әкімдігінің жаңадан құрылған Жастар саясаты басқармасында бас маман болып жұмыс істейді.


АЙДАНА КЕНБАЕВА, ЖАСТАР САЯСАТЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ
eGov.kz порталында онлайн түрде өтініш бердім. Басқа бос лауазымдарды қарап отырып, Жастар саясаты басқармасының бас маманы қызметін таңдадым. Алғашқы кезеңде заңнама бойынша тест тапсырдым. Одан кейін құзыреттерді бағалау, яғни логикалық тестілеуден өттім. Келесі кезеңде мәтіндік ақпаратпен жұмыс және ақпараттық жүйелерді талдау бойынша тапсырмалар орындадым. Соңғы кезеңге жоғары балл жинаған үш үміткер өтті. Практикалық тапсырмаларды орындау нәтижесінде жеңімпаз атандым. Мемлекеттік қызметке кірудің электронды жүйесі – ашықтықты, әділ бәсекелестікті қамтамасыз етуге және адами факторды азайтуға бағытталған.


Мемлекеттік қызметке орналасу үдерісі ашықтық пен әділдік қағидаттарына негізделген. Жүйені автоматтандыру және үміткерлерге қолайлы жағдай жасау мақсатында конкурс толықтай цифрлық форматта жүзеге асырылады. Конкурс барысында әрбір үміткерге жеке ID-нөмір беріледі. Осылайша қатысушылар анонимді түрде тіркеліп, тестілеу мен бағалау кезінде олардың жеке деректері көрсетілмейді. Бұл тәсіл адам факторының ықпалын азайтып, конкурстың әділ өтуін қамтамасыз етеді.