ТЖД қызметкерлері Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасын талқылау бойынша бас қосты. Жиынға Бахадыр Нарымбетов пен мәслихат депутаттары арнайы барды. Еліміздің саяси жүйесін кешенді жаңғыртуға бағытталған жаңа Ата Заң жөнінде ойларын ортаға салды.
Елімізде Президент қайта сайлану құқығынсыз жеті жылдық бір реттік мерзімге сайланады. Қайта сайлану құқығынсыз бір мәртелігі – бұл посткеңестік кеңістіктегі абсолютті жаңалық. Ата Заңға биліктің монополиялануына жол бермеу үшін 7 жылдық президенттік мерзімнің қайта сайлану құқығынсыз бір мәртелігі енгізіледі. Бахадыр Нарымбетов жобадағы бір палаталы парламенттің де тиімділігіне арнайы тоқталды.
БАХАДЫР НАРЫМБЕТОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ
Заңдар бір палаталы түрде қаралады әрі тез қабылданады. Өте тез өзгеріп жатқан әлемде жылдамдық қажет. Сыртқы саясат пен ішкі саясат өте маңызды. Бұрын Сенат пен Мәжіліс арасында заң 60 күнде қаралатын. Қазір 20 күннің ішінде қарауға мүмкіндік бар.
Жиын барысында 32-баптағы азаматтардың бейбіт митинг өткізуіне шектеу қою ауқымын кеңейту туралы ұсыныс сөз болды. Ол бойынша қосымша себептер ретінде конституциялық құрылымның негіздерін қорғау, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қоғамның рухани-адамгершілік құндылықтарын сақтау секілді жаңа негіздер қосылады. Жиынға келген төтеншеліктер танымды отырыстан тұшымды ой түйді.
НҰРДӘУЛЕТ ЕРҒАЛИ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ТЖД ЖОСПАРЛАУ ЖӘНЕ ЖЕДЕЛ БАСҚАРУ ОРТАЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Біз барлық жеке құрам болып жаңа Конституциямыздың біршама өзгерістерін ұғындық. Заң мен тәртіп бағыты, адамның құқықтары мен бостандықтары туралы, білім мен ғылым саласына ерекше бөлініп жатқан назар мен мақсаттар туралы айтылды. Жаңа Ата Заңды біз де қолдаймыз.
Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобына халықтан, саяси партиялардан көптеген ұсыныстар келген. Жарты жыл бойы қарқынды жұмыс жүргізілген. Мәслихат төрағасы Конституцияның жаңа жобасында адам құқықтарын қорғау жаңа деңгейге көтерілгенін, Парламент пен Үкіметтің жұмысын тиімді ететінін атап өтті.