Өзен арнасын заңсыз қазып, гидротехникалық құрылысқа зақым келтіргендер анықталуда. Су тасқынының алдын алу мақсатында былтыр Бадам өзенінің жағалауы бетондалған болатын. Алайда кейбір азаматтар өз мүддесі үшін бекітілген жағалауды бүлдіріп, өзен арнасынан заңсыз тас алған. Қазір бұл іспен полиция қызметкерлері айналысып жатыр.
Бадам өзені – су тасу қаупі бар аймақтардың бірі. Көктемде жауын-шашын көбейіп, таудағы қар еріген кезде өзен бойындағы елді мекен тұрғындары алаңдайды. Игілік, Жаңаталап және Көкбұлақ елді мекендері тұсында өзен арнасы реттеліп, жағалауы бетондалған. Алайда заңсыз қазба жұмыстары салдарынан гидротехникалық нысанға зиян келген.
ӘБІЛҚАЙЫР ОҢҒАР, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ЖАЙЛЫ ОРТАНЫ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Қазіргі уақытта бетондалған аумақтың 9–10-бекет тұсында заңсыз әрекеттер салдарынан бетон бөгеттің шамамен 40 метрі бүлінді. Құқық қорғау органдары кінәлілерді анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Су тасқыны қаупін азайту мақсатында 2025 жылы өзен жағалауының 5,3 шақырымы бекітіліп, жоба желтоқсан айында толық аяқталған. Бұл жұмысқа 2,7 миллиард теңге бөлінген. Қазір бүлінген аумақта қалпына келтіру жұмыстары басталды.
ӘБІЛҚАЙЫР ОҢҒАР, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ЖАЙЛЫ ОРТАНЫ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Қазіргі уақытта мердігер мекеме бүлінген бетон қабатын қалпына келтіру жұмыстарын бастады. Адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ. Заңсыз тас алу дерегі бойынша тексеру жүріп жатыр. Қосымша ақпарат кейін хабарланады.
Жағалаудың зақымданған бөлігі мердігер компанияның есебінен қалпына келтіріледі. Себебі жобаға 7 жылдық кепілдік берілген.