Шымкентте тағы 30 отбасы жаңа пәтерге қол жеткізді. Салтанатты рәсім көрме орталығында өтті. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков тұрғындарды қоныс тойымен құттықтап, кезекте тұрған азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету – әлеуметтік саясаттың тұрақты бағыттарының бірі екенін атап өтті.
Мемлекеттік тұрғын үй қорынан жалдамалы пәтерлердің кілті табысталды. Бұл бағдарлама әлеуметтік осал топтағы азаматтарға арналған. Солардың бірі, 11 жылдан бері кезегін күтіп келген Кенжеайым Керімбаева. Ол 5 баланы жалғыз тәрбиелеп отыр. Пәтер алған сәтте қуаныштан жүрегі жарылардай қуанғанын жеткізді.
КЕНЖЕАЙЫМ КЕРІМБАЕВА, ПӘТЕР ИЕСІ
3 күн бұрын Отбасы банктен хабарлама келді. Қуанып барып, қоңырау шалып, кілтімді алдым. Қала әкіміне рахмет. Барлық ата-аналарға бұл қуаныш енді несібе болды.
Тағы бір тұрғын – 6 баланы жалғыз асырап келе жатқан Меруерт Мұсаева. Ол 2015 жылдан бері кезегін күткен. Хабарлама келгенде өз баспанамыз болатынына қатты қуандым, деп атап өтті.
МЕРУЕРТ МҰСАЕВА, ПӘТЕР ИЕСІ
Асар-2 ауданынан 3 бөлмелі пәтер берілді. Балдарым күтіп отыр. Бұл біз үшін үлкен көмек.
Жаңа көпқабатты баспаналар Асар-2 және Тұран шағын аудандарында орналасқан. Тұрғын үйлер инженерлік желілер мен инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілген. Қоныстануға дайын.