Конституцияның жаңа редакциясын қабылдау – уақыт талабы. Түркістан облысында өткен кездесуде дәрігерлер мен қоғам өкілдері осындай пікір білдірді. Жиында Ата заңға енгізілетін өзгерістер кеңінен түсіндірілді.
Кездесу барысында конституциялық реформаның негізгі бағыттары мен оның ел дамуына ықпалы сөз болды. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін жетілдіру мәселесіне ерекше назар аударылды. Қатысушыларға жаңартылған Негізгі заң жобасындағы басты нормалар таныстырылды.
БАЙДІЛДӘ ЖЫЛҚЫШИЕВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ
Біз еңбек ұжымдарымен, халықпен кездесіп, заң жобасының мәні мен маңызын түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Кездесу барысында тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, пікір алмасудамыз.
Мұндай жиындар мемлекеттік құрылымдар мен қоғам арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға ықпал етеді. Сонымен қатар халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға мүмкіндік береді.
АСХАН БАЙДУВАЛИЕВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Конституциялық реформалар – қоғам дамуы үшін маңызды қадам. Онда адам құқығы, денсаулық сақтау, тіл және заң мәселелері қамтылған. Бұл өзгерістер елдің болашағына бағытталған.
Жаңартылған Конституция жобасы азаматтардың құқықтық кепілдіктерін кеңейтіп, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруді көздейді.