Бүгін қалалық кәсіподақ бірлестіктерінің өкілдері Конституцияны түсіндіру мақсатында дөңгелек үстел өткізді. Жиын барысында жалпыұлттық референдумның маңызы сараланды.


Басқосуда білім мен ғылымды ілгерілету, мәдениет пен инновацияны қолдау мемлекеттік саясаттың басты бағыты ретінде айқындалды. Әсіресе адам құқығын қорғаудың жаңа тетіктеріне, әлеуметтік әділдікті орнату мәселелеріне басымдық берілді.


БАУЫРЖАН ӘЛТЕЕВ, «ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ КӘСІПОДАҚТАР ОРТАЛЫҒЫ» АУМАҚТЫҚ КӘСІПОДАҚТАР БІРЛЕСТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ
 Конституциядағы басты өзгеріс – саяси жүйедегі өзгерістер. Бір палаталы Құрылтайға көшеміз, Сенат таратылады. Халық кеңесі де енгізіледі. Яғни заң шығару ісінде бұқара халықтың да пікірі ескеріледі деген сөз.


Халықтан түскен 10 мыңнан астам ұсыныс негізінде дайындалған құжат қолданыстағы Ата Заңның 84 пайызын жаңартуды көздейді. Жаңа саяси модель бойынша Президент өкілеттігі қайта сайлану құқығынсыз 7 жылдық бір мерзіммен шектеліп, вице-президент лауазымы енгізіледі. Парламент «Құрылтай» болып қайта жасақталып, заң шығару ісінде қоғамның ықпалы артады.


БАУЫРЖАН ӘЛТЕЕВ, «ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ КӘСІПОДАҚТАР ОРТАЛЫҒЫ» АУМАҚТЫҚ КӘСІПОДАҚТАР БІРЛЕСТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ
 Референдум күні 15 наурыз болып бекітілді. Әділетті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін арнайы құрылым құрылды. Құрамына 5 жетекші саяси партия мен 300-ге жуық қоғамдық бірлестік кірді.


Кәсіподақ өкілдері жаңа Ата Заңның билік пен қоғам арасындағы сенімді нығайтып, еңбек адамының мүддесін қорғауға жол ашатынын алға тартты. Жиынға қатысушылар өз ойын ортаға салып, пікір алмасты.