Түркістанда облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен  мәжіліс өтті. Онда Мемлекет басшысының 10 ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында берілген тапсырмаларын іске асыру жолдары талқыланды. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары, аудан және қала әкімдері, аумақтық департамент жетекшілері қатысты.

Мәжілісте мемлекет басшысы жүктеген 7 негізгі бағыт – инфляцияны төмендету, жаңа Салық кодексін тиімді енгізу, цифрлық технологияларды жан-жақты дамыту, жаңа инвестициялық кезеңді бастау, заманауи өнеркәсіптің негізін қалыптастыру мәселелері талқыланды. Сондай-ақ кәсіпкерлікті дамыту, көлік логистикасын жетілдіру және электр энергиясы тапшылығын азайту жөні де сөз болды.

НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
– «Мемлекет басшысы инфлиятцияны төментету бойынша үкімет пен ұлттық банкке бірлесіп нақты іс-қимыл алгоритмін әзірлеу қажетін тапсырған болатын. Бір бірінші кезекте жаңа жұмыс орындарын ашу, әлеуметтік азық-түлік тауарларының бағасын реттеу, бюджет тепе-теңдігін ұстау, ішкі өндірісті дамыту бағытында наққты шаралар қабылдауымыз қажет. Орынбасарларыма, аудан әкімдеріне, басқарма басшыларына нәтижелі жұмыс істеуді тапсырамын.» 


Жиында инфляцияны төмендету бағытында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру, жаңа өндіріс орындарын ашу, жұмыс орындарын құру және ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз ету шаралары пысықталды. Бағаны негізсіз өсіруге жол бермеу, тұрақтандыру қорларының тиімді жұмысын қамтамасыз ету, өндірісті ұлғайту тетіктері қаралды. Жаңа Салық кодексін енгізу мәселесінде фискалдық саясаттың тиімділігін арттыру, бюджетті ретке келтіру және салықтық әкімшілендіруді цифрландыру міндеттері айқындалды. Айта кетейік, биыл жергілікті бюджетке 225 млрд теңге түсім түсіру жоспарланып отыр.

Цифрлық мемлекет құру бағытында барлық салаларды цифрландыру, жасанды интеллект элементтерін енгізу және ақпараттық жүйелердің өзара ықпалдастығын қамтамасыз ету мәселелері де көтерілді. Әсіресе білім беру мен денсаулық сақтау салаларындағы ақпараттық жүйелерді интеграциялау, бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету, ашықтықты күшейту бойынша нақты тапсырмалар берілді. Мәжілісті қорытындылаған Нұралхан Көшеров Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау – әр басшының жеке жауапкершілігі екенін атап өтті. Жиын қорытындысымен барлық бағыт бойынша нақты тапсырмалар хаттамаға енгізіліп, арнайы іс-шара жоспарын әзірлеу тапсырылды.