Шымкенттік полицейлер ойын-сауық орындарының бірінде азот тотығын заңсыз сату дерегін анықтап, жолын кесті.
Профилактикалық іс-шара барысында тәртіп сақшылары мекемеде келушілерге «күлдіретін газ» ретінде белгілі заттың заңсыз сатылғанын анықтаған. Тексеру кезінде ғимарат ішінен азот тотығы бар баллондар және оны қолдануға арналған көп мөлшердегі пайдаланылған әуе шарлары тәркіленді. Аталған жайт бойынша қылмыстық іс қозғалды, тергеу әрекеттері басталды. Ойын-сауық орнының иесі полиция бөліміне жеткізілді. Заңсыз заттарды сату мен қолдануға жол берілмейтінін полиция ескертеді.