Созақ ауданы тарихта алғаш рет табиғи газ желісіне қосылды. Теріскейлік тұрғындардың қуанышына облыс әкімі Нұралхан Көшеров арнайы барып ортақтаса білді. Табиғи газ халық тұрмысын жақсартып қана қоймай, өндірісті және аймақ экономикасын дамытуға жол ашады. Бірінші кезекте 4600 абонентке газ берілді.
ҚАНАТ ЖҮНІСБЕК,ТІЛШІ
Теріскей өңірінің табиғаты өзге аудандармен салыстырғанда қаталдау келеді.Мұнда қысы қытымыр, көктемі кеш шығады. Осындағы жұрт қазаннан наурыздың соңына дейін от жағады. Жылыту маусымы 6 айға созылады. Созақ ауданына көгілдір отынның берілуі халықтың әлеуетін арттырып, өндірістік аймақтағы кәсіпкерліктің дамуына негіз болады.
Созақ ауданындағы магистральды газ құбырының жалпы құны 4,1 млрд теңгені құрайды. Желінің қуаттылығы – 30 000 м³/сағ. Жоба толық іске қосылған жағдайда 17 елді мекен толықтай көгілдір отынмен қамтылмақ. Бұл тұрғындардың тұрмыс сапасын арттырып, экологияны жақсартуға және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға септігін тигізеді.
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Созақтағы АГТС-ы бар магистральды газ құбырының маңызы айрықша. Себебі бұған дейін облысымыздың барлық аудан, қаласы газбен қамтылса, тек Созақта ғана бұл мәселе шешілмеген еді. Мінеки, игілікті іс осында да жалғасты. Енді Созақ тұрғындары да газдың игілігін көріп, тұрмыс сапасын жақсартады. Сонымен бірге экологияны жақсартуға, инвестиция тартып, кәсіпкерлікті дамытуға жол ашылады.
Көгілдір отынды алғашқылардың бірі болып шолаққорғандық Айгүл Исаеваның отбасы тұтынды. Бар ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған ұстаз бұл елдің көптен күткен арманы екенін айтты.
АЙГҮЛ ИСАЕВА, ШОЛАҚҚОРҒАН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
Елге келгеніне қуанып жатырмыз. Қазір көмірді 33-35 мыңнан алдық, оны бір айда жағып қоямыз. Қатты қыс қысып берсе. Үйіміз үлкендеу. 350 мың бол ма. Мынау газ деген өте жақсы барлық жағынан тиімді деп ойламын.
Мамандар қауіпсіздікке ерекше мән беріп, қазандықтарды орнатып, дабыл қаққыштарын қойып берген. Аз қамтылған отбасыларға жеңілдіктер қарастырылған.
ЖАНДОС САБЫРОВ, КОМПАНИЯ БАСШЫСЫ
Көп балалы аналар болатын болса жеңілдік бар. Оны қарастырамыз. Қазіргі таңда 140 мыңнан кіріп жатыр әр үйге. Оның дабыл қақышы бар, 30 метр трубасы бар. 10-15 пайыз жеңілдіктерін береміз.
Мемлекет басшысы халықтың өмір сүру сапасын арттыру және ауылдық елді мекендерді инфрақұрылыммен қамтамасыз етуді тапсырған. Осыған орай 2025 жылы Түркістан облысында газбен қамту бойынша 87 нысан құрылысы қолға алынып, 45 жобаның құрылысы аяқталды. 41 елді мекендегі 70 мың тұрғын табиғи газға қол жеткізді.