Шымкенттік белсенділер қала кәсіпкерлерін референдумға шақырды. Олар еліміздің Жаңа Конституциясын қабылдауға қатысты өз ұстанымдарын ортаға салуға үндеді. Бастама ел болашағы үшін қолға алынғандықтан, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруға шақырды.


Айна базарда өткен жиында «Ауыл» партиясының мүшелері кәсіпкерлерді Жаңа Конституциядағы өзгерістермен таныстырды. Кәсіпкерлік салаға қатысты жаңа жобаларды жеткізді.


 ӘЛФАРАБИ МЫҢБАЙ, «АУЫЛ» ПАРТИЯСЫНЫҢ ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ БОЙЫНША ӨҢІРЛІК ФИЛИАЛЫНЫҢ КЕҢЕСШІСІ
Кәсіпкерлердің ойы мен олардың бастамалары өте маңызды. Бұл тек белгілі бір топтың шешімі емес. Бұл – бүкілхалықтық бастама. Сондықтан осы шарадан тыс қалмауға шақырып отырмыз.


Елдегі жаңашылдықтарды кәсіпкерлер де қолдап отыр. Айтуларынша, жаңарған Қазақстанның Жаңа Конституциясының болуы – құптарлық іс. Олар референдумға қатысып, өз пікірлерін білдіруге дайын.


ГҮЛБАНУ АМАНТАЕВА, КӘСІПКЕР
Кәсіпкер ретінде менің де өз салама қатысты жаңашылдықтар орын алмақ. Мені сол қуантады. Наурызда барып, дауыс беремін. Ел болып бастаған жұмыстан қалыс қалмаймыз.


Референдум – халық пікірін ашық білуге арналған бастама. Сондықтан 15 наурыз күні өтетін бүкілхалықтық шарадан қапы қалмаңыз. Сіздің пікіріңіз ел болашағы үшін аса маңызды.