Қалалық мәслихат төрағасы, конституциялық комиссия мүшесі Бахадыр Нарымбетов еңбек адамдарымен кездесіп, жаңа Ата Заң жобасын түсіндірді. Ондағы өзгерістер жайынан хабар беріп, қойылған сауалдарға жеке-дара тоқталды.

Конституциялық комиссия құрамында 130 мүше болды. Соның бірі – қалалық мәслихат төрағасы Бахадыр Мәдәліұлы. Тағдыршешті тарихи оқиғаның басында жүріп, заң жобасын жасақтауға тікелей қатысқан азамат еңбек адамдарына өзгерістер мен толықтыруларды түсіндірді. Сөзінше, «Ата Заң жобасын мен жаздым» деп ешбір комиссия мүшесі айта алмайды. Жаңа нұсқа халықтан түскен өтінімдер мен ұсыныстар негізінде әзірленген.

БАХАДЫР НАРЫМБЕТОВ, КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ КОМИССИЯ МҮШЕСІ
 – «130 комиссия мүшесі барлық саладан қамтылған. Ол жерде журналист те бар, тіл маманы да бар. Техниктер, инженерлер бар.» «Бұл жерде әрбір комиссия мүшесінің үлесі бар. Бұл менің ұсынысым, сенің ұсынысың емес. Шындап келгенде, 80 пайыз халық ұсынысы негізінде өзгертілді.»

Кездесу «Бал Текстиль» фабрикасында өтті. Ондағы жұмысшылар жылына 6 млн шаршы метр кілем тоқып, 500 мың тонна жіп иіреді. Дайын өнімдері ішкі нарықты қамтып, шетелдерге экспортталады.

ЕРҒАЛИ ӘБДІҒАППАР, ӨНДІРІС БАСШЫСЫ
 – «Бізде қазір өндірісте 500-ден аса штат бар.» «Көршілес Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, одан бөлек Қытай мемлекетіне де экспорттап жатырмыз.»

Еңбеккерлер жаңа Ата Заң жобасы жайлы айтылған ақпараттарға ден қойып, ұйып тыңдады. Соның бірі – Нұргүл Бекмұратова. Сөзінше, ол баспасөз бетіне жарияланған Конституция жобасымен толық танысып шыққан. Өзіндік пікір қалыптастырып, азаматтық көзқарасын ұштаған.

 НҰРГҮЛ БЕКМҰРАТОВА, ФАБРИКА ҚЫЗМЕТКЕРІ
 – «Белсенді Қазақстан азаматшасы ретінде заңның біраз тармақтарының өзгеріп жатқанынан хабарым бар.»  «Бахадыр Нарымбетовтың бүгінгі заң жобасындағы өзгерістер жайы туралы түсіндірме жұмысы маған ұнады. Көп нәрсе түсінікті бола түсті.»

Кездесу барысында фабрика қызметкерлері комиссия мүшесіне көкейтесті сауалдарын жолдап, тұшымды жауап алды.