Жаңа Конституция – ел дамуының жаңа кезеңі. Бүгін Орталық Азия инновациялық университетінде Конституция жобасына арналған ашық пікірталас өтті. Қатысушылар енгізілген өзгерістерге тоқталып, құжаттың мәні мен маңызын талқылады.
Қамарсұлу Сейілханова – тарих факультетінің студенті. Еріктілікпен айналысып жүрген студент жаңа Ата Заңның артықшылықтарын атап өтіп, мүмкіндіктерін саралады.
ҚАМАРСҰЛУ СЕЙІЛХАНОВА, СТУДЕНТ
Жаңа Ата Заңда білім саласына басымдық берілген. Бұл бізді қуантады. Қазір сабақ оқу барысында цифрландыру жүйесін қолданамыз. Мен болашақ тарихшы болғандықтан, өзіме керекті дүниелерді цифрлық платформалардан табамын.
Заман талабы мен қоғам сұранысына сай әзірленген жаңа жоба кіріспеден, 11 бөлім мен 96 баптан тұрады. Құжат мемлекеттің демократиялық, зайырлы және әлеуметтік бағытын нығайта отырып, ел дамуының жаңа мазмұнын айқындап берді. Әсіресе білім мен ғылымды жаңғырту, инновацияны қолдау және адам құқықтарын қорғау тетіктеріне басымдық берілген.
БОТАБЕК ИМАШЕВ, ЗАҢ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ
Жаңадан «Халық Кеңесі» деген орган пайда болмақ. Этнос өкілдерінен 45 адам, қоғамдық орындардан 45 адам, мәслихат өкілдерінен 45 адам енгізіледі. Олардың заң шығаруға құқығы жоқ. Яғни олар Құрылтайға заң жобасын ғана ұсына алады.
Басқосуда заңнамадағы өзгерістер жайлы баяндама оқылды. Алдағы жалпыұлттық референдум арқылы халықтың талқысына ұсынылатын бұл жоба Әділетті Қазақстанның берік іргетасы болмақ.