Оңайтылған арнаулы салық режимінде жұмыс істегісі келетін жеке кәсіпкерлер 2026 жылдың 1 наурызына дейін өтініш беруі қажет. Өтініш бермегендер автоматты түрде жалпыға бірдей салық режиміне өтеді.
Жаңа Салық кодексінде бұрынғы 7 арнайы салық режимінің орнына тек үш режим қалды: өзін-өзі жұмыспен қамтылғандарға арналған режим, арнаулы оңтайландырылған режим және шаруа қожалықтарына арналған режим. Айына 1,3 млн теңгеден аспайтын табыс табатын кәсіпкерлер өзін-өзі жұмыспен қамтылған адам ретінде жұмыс істей алады. Ал айлық табысы 1,3 млн теңгеден асатындар арнаулы оңтайландырылған режимде қызмет етеді. Бұл режимде жұмыс істейтін бағыттар үкіметтің арнайы қаулысымен бекітілген. Жылдық кірісі 100 млн теңгеден асса, еңбекақы төлеу қоры салық салынатын кірістен шегеріледі. Үшінші режимде фермерлер мен шаруа қожалықтары жұмыс істейді.
Қазір 111 мыңнан аса салық төлеушінің 78 мыңы өтініш беріп үлгерген. Қалған 30 пайызы 1 наурызға дейін өтініш беруі тиіс. Осы қалған төлеушілерді ақпараттандыру мақсатында халық көп шоғырланатын орындарда түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.