Шымкентте былтыр «Жастар практикасы» бағдарламасы бойынша 2 мыңға жуық жас маман тұрақты жұмысқа орналасты. Олардың дені өндіріс орындары, ауылшаруашылығы, білім және денсаулық нысандарына жолданған. Мемлекет тарапынан қолға алынған бағдарламаға 35 жасқа дейінгі жастар қатыса алады. Жобаның бір жылға ұзартылуы да жастар үшін үлкен мүмкіндік болып отыр.


 Аружан Әлжанова былтыр ғана жоғары оқу орнын бітірген. Ол өз туып-өскен Шымқалаға жұмыс іздеп келіпті. Мемлекеттік бағдарлама оған бірден тұрақты жұмыс табуға көмектесті. Жастайынан фармацевт болуды армандаған Аружан бүгінде халыққа қалтқысыз қызмет етіп жүр. Құжаттарын үйде отырып, ұялы телефон арқылы тапсырған.

Былтыр қаламызда Аружан сияқты мыңнан астам жас маман жұмыспен қамтылды. Барлығы барған жерлерінде бір жыл алаңсыз еңбек етті. Кейбірі ептілігіне қарай тұрақты жұмысқа орналасып та жатыр. Жұмыспен қамту орталығына басқа өңірлерде жұмыс істеп жүрген жастардан да электронды өтінімдер түседі. Яғни «Фицрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында кез келген жас, тіпті үйінде отырып та тіркеуге тұра алады.

 Дипломын қолына алып, жұмысқа орналаса алмай жүрген жастар бағдарлама аясында тәжірибе жинап, тұрақты қызмет табуда. «Жастар практикасы» негізінде биылдан бастап Шымкентте 150 жас маман жұмысқа орналасты. Олардың дені білім, денсаулық, құрылыс пен өндіріс орындарына, сондай-ақ туризм мен ауыл шаруашылығына еңбекке тартылды.