Қалың қардың салдарынан Әл-Фараби ауданында 600-ден астам ағаш құлады. Қазір коммуналдық қызметтер салдарды жою жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл туралы аудан әкімінің орынбасары Марат Тәжібаев брифингте мәлімдеді. Сондай-ақ жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері де айтылды.


Қардың ауырлығына шыдамай 620 ағаш құлаған. Сонымен қатар 1800-ге жуық ағаштың бұтақтары сынған. Қазір жауапты мекемелер құлаған ағаштарды жинап, қауіпті бұтақтарды қырқу жұмыстарын кезең-кезеңімен атқаруда. Аудан әкімінің орынбасары Марат Тәжібаевтің айтуынша, тазалау жұмыстары 2–3 күнде толық аяқталады.


 МАРАТ ТӘЖІБАЕВ, ӘЛ-ФАРАБИ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
Ішкі аулалардағы ағаштарды жинау жұмыстары жалғасуда. Тұрғындарды сабырлық сақтауға шақырамыз. Бұл жұмыстар 2–3 күнде толық аяқталады.


 19 АУЛА АБАТТАНДЫРЫЛАДЫ


 Өткен жылы аудан аумағындағы 261 аулада балалар ойын алаңшасы, 65 аулада спорт алаңшалары ретке келтірілді. Демеушілер есебінен 3 ашық спорт алаңшасына жөндеу жүргізілді. 2026 жылы 19 аулада абаттандыру жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Ал 2026–2027 жылдары жалпы 41 ауланы абаттандыру көзделіп отыр.


МАРАТ ТӘЖІБАЕВ, ӘЛ-ФАРАБИ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
Балалар алаңшаларына кепілдік мерзімі аяқталғаннан кейін, 2016–2018 жылдары салынған нысандар қайта жөндеуді қажет етеді. Осыған байланысты «Халық қатысатын бюджет» жобасы арқылы тұрғындар өтінім беруде. Жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізіледі.


1 600 ЖАРЫҚШАМ ОРНАТЫЛАДЫ


2025 жылы ауданда 133 көшеге жарықшам бағаналары орнатылды. Ал 2026 жылы 36 тұйық көшеге жарықшам тарту бойынша ұсыныс берілген. Сондай-ақ 480 аулаға 1 600-ден астам жарықшам бағанасын орнату жоспарланып отыр.