Қазақстанда жаңа Конституция жобасы бойынша қоғамдық талқылау жалғасып жатыр. ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Шымкент қаласы бойынша өкілі жанындағы сараптамалық кеңес мүшелері Ата Заң жобасында адам құқықтары мен бостандықтары алғаш рет мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде айқындалғанын атап өтті. Сондай-ақ жаңа Конституция ұлттық бірегейлікті нығайтып, мемлекеттің тұрақтылығын күшейтетіні айтылды.
Әділеттілік, Заң мен Тәртіп, табиғатқа ұқыпты қарау сияқты қағидаттар алғаш рет Ата Заң деңгейінде бекітілген. Жаңа мәтіннің басты ерекшелігі - адам құқықтарына басымдық берілуі. Осылайша, адам құқықтары мен бостандықтары Преамбулада ғана көрсетіліп қоймай, бүкіл Конституцияның мағыналық өзегі әрі негізгі басымдығы ретінде айқындалған.
БАЯН АЙТБЕКҚЫЗЫ, ПРЕЗИДЕНТ ЖАНЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ КОМИССИЯ МҮШЕСІ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ МЕН ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНДАҒЫ «ӘЙЕЛДЕР КЕҢЕСІНІҢ» ТӨРАЙЫМЫ
Жаңа заң жобасының кіріспесінде ең алдымен халықтың әл-ауқаты мен адами капитал мәселесі айтылады. Ең басты байлығымыз — адам. Адами капиталды дамытуға мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалатыны көрсетілген. Сонымен қатар ерлер мен әйелдердің теңдігі, отбасы институтын қорғау нормалары нақты баптармен бекітілген. Яғни әйел, ер адам және балалардың құқықтары Конституция деңгейінде қорғалады.
Жиын барысында жаңа Конституция жобасында заң үстемдігін нығайтуға және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға ерекше мән берілгені айтылды. Бұл өзгерістер құқықтық мемлекетті қалыптастыруға, қоғамдағы әділеттілік пен сенімді арттыруға бағытталған.
НҰРЖАН ӘБДЕЗОВ, ҚР АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫ ЖӨНІНДЕГІ УӘКІЛДІҢ ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ БОЙЫНША ӨКІЛІ
Ұсынылған өзгерістер бойынша түпкілікті шешім жалпыұлттық референдумда қабылданады. Осылайша, конституциялық реформа құқықтық жаңғыру ғана емес, елдің болашақ даму бағытын айқындайтын маңызды қоғамдық үдеріс болмақ.
Сарапшылардың пікірінше, жаңа Ата Заң жобасы отбасы институтын нығайтуға және қоғамдық жауапкершілікті арттыруға бағытталған. Сондай-ақ ол болашақ заңнамалық бастамаларға нақты бағдар береді.